ШҚТУ халықаралық рейтингте Шығыс Қазақстанның позициясын нығайтты
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті QS Sustainability Rankings 2027 халықаралық рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартып, Орталық Азия университеттері арасында 13-орыннан 8-орынға көтерілді. Қазақстан жоғары оқу орындары арасында ШҚТУ 5-орын иеленді.
Бұл нәтиженің Шығыс Қазақстан үшін маңызы ерекше. Өнеркәсібі және тау-кен металлургия кешені дамыған өңірге заманауи экологиялық шешімдер, жауапты басқару жүйесі және орнықты даму қағидаттарын басшылыққа алатын білікті мамандар қажет. Техникалық университеттің халықаралық рейтингтегі ілгерілеуі осы бағыттағы жұмыстың өзектілігін көрсетіп, өңірдің ғылыми-білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтады.
ШҚТУ ең жоғары нәтижеге «Басқару» бағыты бойынша қол жеткізді. Университет 100 балдың 79,3-ін жинап, әлемдік рейтингте 725-орынға ие болды және әлемнің ТОП-800 университетінің қатарына енді. Бұл бағытта шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығы, этикалық қағидаттардың сақталуы және университет қауымдастығының басқаруға қатысуы бағаланады.
Экологиялық білім беру саласында да айтарлықтай өсім байқалды. ШҚТУ көрсеткіші 58,1 балдан 63,5 балға дейін артып, университет әлемде 720-орыннан 667-орынға, ал Қазақстан жоғары оқу орындары арасында 11-орыннан 6-орынға көтерілді. Өнеркәсіптік өңір үшін экологиялық құзыреттерді дамыту аса өзекті. Болашақ инженерлер өндірістік тиімділікті ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға түсетін әсерді азайту міндеттерімен ұштастыра білуі тиіс.
«Білім алмасу» көрсеткіші бойынша да маңызды нәтижеге қол жеткізілді. Университет Орталық Азияда 9-орыннан 4-орынға көтеріліп, бағасын 40,4 балдан 45 балға дейін жақсартты. Бұл көрсеткіш ғылыми-зерттеу ынтымақтастығының дамуын, кәсіпорындармен өзара іс-қимылды және ғылыми білімнің академиялық ортадан тыс таралуын сипаттайды.
ШҚТУ позициясының нығаюы Шығыс Қазақстан үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа ғылыми серіктестер тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және экономиканың негізгі салаларына қажетті мамандарды даярлауға қосымша мүмкіндік береді. Рейтинг нәтижелері өңірлік университеттің экологиялық, әлеуметтік және басқару міндеттерін шешуге қосқан үлесі халықаралық деңгейде танылып отырғанын көрсетеді.
QS Sustainability Rankings университеттердің орнықты дамуға қосқан үлесін экологиялық және әлеуметтік әсері, сондай-ақ басқару сапасы бойынша бағалайды. 2027 жылғы рейтинг 2026 жылғы 17 қарашада жарияланды.

