*Жаңа Конституция: цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау кепілдігі*

Цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Адамдар мемлекеттік қызметтерді онлайн алады, банк операцияларын электронды қосымшалар арқылы жүргізеді, жеке мәліметтерін түрлі цифрлық платформаларда пайдаланады. Осындай жағдайда жеке ақпараттың қорғалуы мен адамның жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз ету айрықша маңызға ие.
 
Жаңа Конституцияның 21-бабында әр адамның жеке өміріне қол сұғылмау, жеке және отбасы құпиясын сақтау құқығына кепілдік берілген. Бұл бапта дербес деректерді, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау мәселесі нақты көрсетілген.
 
Бұл талап адамның жеке мәліметтері заңсыз пайдаланылмауы керектігін білдіреді. Яғни жеке ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс. Мұндай кепілдік әр адамның дербес деректерін қорғауға бағытталған.
 
21-бапта банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесудің, пошта хабарламаларының және цифрлық технологиялар арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы да заңмен қорғалатыны бекітілген. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
 
Баптың үшінші тармағы бойынша мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға оның құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуға мүмкіндік беруге міндетті.
 
Осылайша, Конституцияның 21-бабы цифрлық технологиялар қолданылатын ортада да адамның жеке өміріне қол сұғылмауын, дербес деректері мен байланыс құпиясының қорғалуын қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктерді бекітеді.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter