Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ШҚО-да ветеринариялық нысандар жаңартылады

Шығыс Қазақстан облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі құрылыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта өңірде 32 ветеринариялық нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа ғимараттар санитарлық талаптарға сай салынып, ветеринария мамандарының еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы екі жылда саладағы нысандарды толық жаңарту көзделген. Бұл мақсатқа биылдың өзінде 3,5 миллиард теңге бөлінді.

Жоспар бойынша келер жылдың соңына дейін облыста 70 ветеринариялық пункт, 7 ветеринариялық станция және 54 мал қорымы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы да нығайтылып жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен арнайы бағдарлама аясында 133 бірлік техника сатып алынған.

Дулат Қажанов, ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

«Облыс әкімінің қолдауымен материалдық-техникалық жабдықтау бағдарламасы аясында 133 бірлік техника сатып алынды. Біздің ветеринариялық жұмыскерлердің жұмысын оңтайландыру үшін жеңіл автокөліктер және арнайы көліктерді де сатып алып, қазіргі уақытта жұмыстар жүруде».

Жаңа нысандар мен техникалар ветеринариялық қызмет сапасын арттырып, мамандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Сондай-ақ өңірдегі мал шаруашылығының ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter