Түркі әлемінің алтын бесігін ән тербейді: Димаш пен шетел жұлдыздары Алтай төрінде
Шығыс Қазақстан дәл қазіргі сәтте төрткүл тараптың тек табиғатымен емес, ауқымды мәдени жобаларымен әлем назарын өзіне аударуда. Жаңа форматпен жалғасын тапқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі бірден-бір халықаралық мәдени диалог алаңына айналып отыр. Биыл мәдени мерекеге 15 мыңнан астам қонақтың келуі күтілуде. Бұл өңірдегі туристік ағынның артуына ықпал етіп, инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттілігін күшейтетіні рас.
– Шығыс Қазақстанның мәдениет пен туризм салалары қол ұстасып, заңғар Мұзтаудай биік межелерді міндет етіп отырғанын ерекшелей кетсек, артық айтқандық емес. Туризмге оң, тіпті жоғары динамикалы түрде әсер етіп жатқан мәдени шаралар былтыр көптеп ұйымдастырылды. Биылға жоспарларыңыз қандай?
– Шынында да, бүгінде мәдениет пен туризм бір-бірімен тығыз байланысқан салаларға айналды. Кез келген өңірдің туристік тартымдылығы ең алдымен оның тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және бірегей дәстүрлерімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шығыс Қазақстанда өткен жылы ұйымдастырылған халықаралық фестивальдер, театрлық жобалар, этномәдени іс-шаралар мен музейлік бастамалар өңірге келушілер санын арттыруға оң әсерін тигізді.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Негізгі жобалардың бірі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі. Бұл шара өңірдің мәдени бренді ғана емес, сонымен қатар халықаралық туризмді дамытуға ықпал ететін маңызды алаң болып табылады.
Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі. Былтыр форум аясында «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген кітаптарды да алып бардық. Бұл серия қазақ әдебиетінің қоржынына сүбелі үлес қосып жүрген ақын-жазушылардың еңбектерін кеңінен насихаттауға бағытталған. Сол жерде кітап көрмесін ұйымдастырып, Пушкин атындағы кітапхананың қатысуымен бірқатар басылымдардың тұсаукесерін өткіздік.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстанның бай рухани мұрасын насихаттайтын «Шығыстың аңыз-әпсаналары» жинағына ерекше мән беріп келеміз. Былтыр осы жобаның екінші томы жарық көрді. Негізі, өңіріміздегі көптеген жер-су атауларының шығу тарихын халық біле бермейді. Мысалы, Рахман қайнарының атауына қатысты аңыздардың өзі көпшілікке кеңінен таныс емес.
Мен бала күнімде анам кітапханашы болғандықтан, үйімізге «Балдырған» журналы жиі келетін. Сол журналдың беттерінен алып күш иесі Толағай туралы суреттерді қызыға қарайтынмын. Бала қиялымда Толағай тауы ерекше бір бейне ретінде қалып қойды. Кейін облыс әкімінің инспекторы болып, Тарбағатай ауданына барған сапарларымның бірінде Ақжар маңынан өтіп бара жатқанда алыстан Толағай тауын көрдім. Сол сәтте бала кезде журналдан көрген бейнем көз алдыма қайта оралды. Тіпті көлік жүргізушісіне: «Тоқташы, мынау Толағай тауы ғой!» деп айтқаным есімде. Осындай аңыздар адамның жадында өмір бойы сақталып қалады.
«Шығыстың аңыз-әпсаналары» жобасының мақсаты да – осы рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Бұл бастама кезінде Ермек Беделбайұлының тапсырмасымен қолға алынған болатын. Жинақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Әр аңыз қысқа әрі түсінікті тілмен берілген. Мысалы, Рахман қайнары туралы аңызда аңшы Рахманның маралды қуып жүріп, осы өңірге тап болғаны жөнінде баяндалады. Осындай көптеген тарихи және танымдық аңыздар жинаққа енгізілген.
Жалпы, бірінші томға қырыққа жуық, ал екінші томға жетпіске тарта аңыз бен әпсана енді. Бұл еңбектер Шығыс Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын танытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі деп есептеймін.
Биыл Берел қорғандары мен Катонқарағай өңірінің туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Берел» визит-орталығын құру мәселесі пысықталуда. Бұл жоба тарихи мұраны заманауи форматта таныстырып, туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Алдағы уақытта халықаралық фестивальдер мен шығармашылық форумдардың географиясын кеңейту, музейлер мен театрлардың туристік бағыттарға енгізілуін қамтамасыз ету, мәдени маршруттарды дамыту, сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени нысандарын цифрлық форматта насихаттау жұмыстары жалғасады.
Біздің мақсатымыз – Шығыс Қазақстанды тек табиғаты көркем өңір ретінде ғана емес, түркі өркениетінің маңызды мәдени орталығы ретінде әлемге таныту. Сондықтан мәдениет пен туризмді қатар дамыту алдағы жылдардағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
– Осы ретте биылғы фестивальдің мазмұнына тоқтала кетсеңіз. Қандай бағдарламалар жүзеге асырылады?
– Фестиваль бағдарламасына сәйкес, мерекелік шаралар 9 шілдеде қонақтарды қарсы алудан бастау алады. 10 шілдеде Берел ауылындағы Патшалар жазығында көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевқа арналған ас беріліп, құран бағышталады. Кешкі уақытта дәл осы жерде «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кеші ұйымдастырылады. Ал 11 шілдеде Катонқарағай ауылында «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтіп, оның соңы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалінің гала-концертіне ұласады. Фестивальдің қорытынды күні – 12 шілдеде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, аламан бәйге өтеді. Осылайша бірнеше күнге созылатын мәдени-рухани шаралар Алтайдың әні мен жырын, ұлттық өнері мен салт-дәстүрін ұлықтайтын ауқымды мерекеге айналмақ.
Фестивальдің шоқтығын биіктете түсетін басты оқиғалардың бірі – халықаралық гала-концерт болмақ. 11 шілде күні Катонқарағайдағы үлкен сахнада түркі дүниесінің танымал өнерпаздары бас қосады. Көрермендер Венгриядан келген Nox Acoustic Performance тобының, Әзербайжанның EFENDI әншісінің, Өзбекстанның өкілі Севарахон Туланованың, Түркияның белгілі орындаушысы Мұрат Япрактың, Моңғолияның әншісі Сүбедей Самдынның, Қарақалпақстаннан келген Әлішер Байниязовтың, Қырғызстанның JAX әншісінің және қазақстандық SARMAT тобының өнерін тамашалайды.
Сонымен қатар, фестиваль қонақтарына қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Төреғали Төреәлі мен әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген де ерекше тарту жасамақ.
– Биылғы фестивальға келетін қонақтардың реті әрқилы. Әртістермен қатар блогерлер де көптеп келеді. Осы жайында ойыңыз қандай?
– Мысалы, бүгінде көпшілікке танылып үлгерген, Президенттің қабылдауында болған блогерлердің қатарындағы Байдастанды да шақыруды жоспарлап отырмыз. Көп адам біле бермейді, ол – біздің өңірдің, нақтырақ айтсақ, Ақсуаттың тумасы. Сондықтан оның туған жердің мәдениеті мен табиғатын насихаттауға атсалысқаны біз үшін маңызды.
Жалпы, біздің мақсатымыз – блогерлер арқылы Шығыс Қазақстанның көркем табиғатын, мәдени әлеуетін және фестивальдің ерекшелігін әлемге таныту. Ертең олардың түсірген материалдарын шетелдік көрермендер де көреді. Сол кезде олар біздің өңірде қандай ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, қандай мәдени жобалардың жүзеге асырылып жатқанын байқап, Шығыс Қазақстанға деген қызығушылық танытуы керек.
Бүгінде мәдениет саласында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда атқарылған жұмысты сапалы көрсетіп, көпшілікке дұрыс жеткізе білу де аса маңызды. Егер жасалған дүниені лайықты деңгейде таныта алмасақ, оның сыны ең алдымен басқарма басшысына келеді.
Әрине, барлық жобаны мен жалғыз өзім жүзеге асырып жатқан жоқпын. Бұл – мәдениет басқармасындағы мамандардың, театрлардың, филармониялардың, кітапханалардың, музейлердің және басқа да мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Олар күнделікті ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Ал біздің міндетіміз – сол еңбекті халыққа және әлемге дұрыс көрсете білу.
Өңірдің мәдениетінде биыл бірнеше елеулі жаңалықтар орын алды. Орыс театрының тоқсан жылдығы, Астанадағы Мамма миа қойылымы, бишілеріміздің халықаралық аренадағы жұлдызының жануы. Бұдан бөлек естіп білмей қалған, қандай азаматтардың, мәдени ұйымдардың жұлдызы жанды?
Өңірдің мәдени кеңістігінде аталған негізгі оқиғалармен қатар, бірқатар басқа да маңызды жетістіктер мен мәдени серпілістер орын алды. Оларды бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады.
Ең алдымен, музей және қолөнер саласында үлкен серпін байқалды. Өскемен қаласында өткен «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер фестивалі өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің мәдени брендіне айналды. Бұл шараға Қазақстан өңірлерімен қатар бірнеше шет мемлекеттен шеберлер қатысып, «Аламан құрақ – 2026» жобасы халықаралық деңгейде рекорд орнатып, кең танымалдыққа ие болды. Бұл өңірлік қолөнер шеберлерінің беделін айтарлықтай көтерген оқиға болды.
Сонымен қатар, театр өнері де айтарлықтай дамыды. Өскемендегі Орыс драма театрының 90 жылдық мерейтойы тек тарихи дата ретінде ғана емес, жаңа қойылымдар мен халықаралық режиссерлердің қатысуымен өткен шығармашылық серпіліс ретінде ерекшеленді. Бұл театр ұжымының кәсіби деңгейі мен шығармашылық әлеуетін айқындады.
Мәдениет қызметкерлері арасындағы жеке тұлғалардың да еңбегі ерекше бағаланды. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай бірқатар мамандар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Кәкенов Абаш «Құрмет» орденімен марапатталып, Тұрғанбаев Әділ Біләлұлы мен Ткач Вячеслав Михайловичке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бұл – өңір мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Бұдан бөлек, өңірдің шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде белсенділік танытып, бишілер ансамбльдері мен өнерпаздар шетелдік сахналарда да табысты өнер көрсетті. Бұл үрдіс жергілікті мәдени мектептің бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
– Бір ғана «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» көптеген салалардың, атап айтқанда, бизнестің, туризмнің, мәдениеттің, халықаралық достықтың, инфрақұрылымның, шығармашылық ұжымдардың, ауылдық өңірлердің дамуына серпін беріп отыр. Жалпы, әлемде болатын осыған ұқсас мәдени шараларды атап өтсеңіз. Шығыстың ең елеулі жаңалықтарын қандай фестивальдармен салыстыруға болады?
– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» жобасы бүгінде мәдениетпен ғана шектелмей, туризмнің, бизнестің, халықаралық ынтымақтастықтың және инфрақұрылымның дамуына серпін беретін маңызды бастамаға айналды.
Әлемде мұндай ауқымды мәдени жобалардың мысалы ретінде Түркиядағы түркі мәдениеті фестивальдерін, Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын, Моңғолиядағы ұлттық мұра фестивальдерін атауға болады. Шығыс Қазақстандағы бұл бастама да дәл осындай халықаралық маңызға ие жобалардың қатарына қосылып келеді.
Фестиваль өңірдің тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытып қана қоймай, шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасуына және халықаралық мәдени байланыстардың нығаюына мүмкіндік беруде.
– «Алтай түркі әлемінің алтын бесігіне» қатысты шет ел азаматтарының пікірі қандай, қызығушылық тудырып отырған мемлекеттер және олардан ұсыныстар бар ма?
– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестиваліне қатысты шетелдік қонақтар мен қатысушылардың пікірлері негізінен оң сипатта болды. Жалпы бағалау мазмұны бірнеше ортақ бағытқа тоғысады.
Шетелдік музыканттар мен мәдениет өкілдері бұл фестивальді түркі халықтарының ортақ музыкалық мұрасын біріктіретін маңызды мәдени алаң ретінде бағалайды. Көпшілік қатысушылар Алтай өңірінің табиғи кеңістігі мен этномәдени атмосферасы музыкалық орындаушылыққа ерекше рух беретінін атап өтеді. Сондай-ақ, дәстүрлі аспаптар, көне әуендер мен заманауи өңдеудің қатар ұсынылуы фестивальдің тартымдылығын арттыратыны жиі айтылады.
Қызығушылық танытып отырған мемлекеттер қатарында Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей Федерациясының түркітілдес аймақтары ерекше аталады. Қорытындысында, фестиваль тек концерттік шара ретінде ғана емес, түркі әлемінің музыкалық мұрасын біріктіретін мәдени дипломатия алаңы ретінде қабылданып отыр.
– Жалпы мәдениет саласында Шығыс Қазақстанда қанша адамдар қызмет етеді? Қанша инфрақұрылымы бар? Болашаққа дайындаған жоспарларыңыз қандай?
– Шығыс Қазақстан облысында жалпы 360 мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 170 клубтық мекеме, 170 кітапхана, 6 музей, сондай-ақ театрлар, концерттік ұйымдар және өзге де мәдени мекемелер бар.
Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының қарамағында 13 ведомстволық ұйым қызмет етеді. Олардың құрамына 1 театр, 1 концерттік ұйым, 3 кітапхана, 6 музей, тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесі және лингвистикалық орталық кіреді. Ведомстволық мекемелерде 2000-нан астам қызметкер еңбек етеді.
Шығыс Қазақстан облысы – түркі өркениетінің тарихи бастауы мен табиғи байлығы тоғысқан ерекше өңір. Бүгінгі таңда өңірдің мәдени әлеуетін туризммен ұштастыра отырып дамыту негізгі стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады.
Осы тұрғыда өңірдің халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін басты жобалардың бірі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі.
Аталған фестиваль алғаш рет 12 жыл бұрын Катонқарағай ауданының Берел ауылында археологиялық және тарихи-мәдени мұраға бағытталған жоба ретінде бастау алған. Уақыт өте келе ол түркітілдес мемлекеттердің рухани-мәдени бірлігін нығайтатын, ұлттық өнерді, дәстүрлі музыка мен әдебиетті насихаттайтын ірі халықаралық мәдени алаңға айналды.
Биыл фестивальге 15 мыңнан астам қонақтың келуі күтілуде. Бұл өңірдегі туристік ағынның артуына ықпал етіп, инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттілігін күшейтеді.
Осыған байланысты «Берел» визит-орталығын салу мәселесі өзекті болып отыр. Берел өңірі – түркі әлеміндегі көне ордалық мәдениеттің маңызды үлгілерінің бірі. Түркі қағанаты дәуірінде орда тек әкімшілік орталық қана емес, сонымен қатар саяси және рухани орталық қызметін атқарған.
Берел кешені – Ұлы дала өркениетінің көшпелі дүниетанымын, табиғатпен үйлескен өмір салтын және түркілік рухани құндылықтарды сақтаған бірегей ашық аспан астындағы мәдени кеңістік.
Берелді Түркі қағанатының ордасы ретінде тану оның түркі мемлекетінің бастауы, дала өркениетінің алтын қазығы ретінде мойындалуын білдіреді.
Осыған байланысты «Берел» визит-орталығын салу Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға, мәдени туризмді дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Балықшылар арасында өткен жарыс та өңір мәдениетінің күнтізбесінде ерекше есте қалды. Жалпы осындай мәдени шараларды өткізудің ауыртпалығы бар ма? Қандай күрделі тұстары бар?
– Балықшылар арасындағы жарыс сияқты ерекше форматтағы іс-шаралар өңірдің мәдени күнтізбесіне тың серпін береді. Мұндай жобалар тұрғындардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ішкі туризмнің дамуына да ықпал етеді.
Әрине, ірі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Логистика, қауіпсіздік, инфрақұрылымдық дайындық, қатысушыларды орналастыру, қаржыландыру және ауа райы жағдайлары секілді көптеген факторларды ескеру қажет. Дегенмен, тәжірибелі мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында мұндай шаралар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Ең бастысы – олардың өңірдің мәдени және туристік имиджін қалыптастырудағы маңызы өте зор.
Жалпы, алдағы уақытқа арналған тың жобаларымыз да бар. Бірақ олардың кейбірі әзірге қаржыландыру мәселесіне байланысты жүзеге аспай тұр. Соның бірі – Марқакөл ауданында өткізуді жоспарлап отырған «Шана-шаңғы фестивалі».
Марқакөл мен Катонқарағай өңірлерінде қыс мезгілінде қардың қалыңдығы кейде адамның бойынан да асып түседі. Осындай табиғи ерекшелікті тиімді пайдаланып, қысқы этнотуризм мен ұлттық мәдениетті ұштастыратын ерекше фестиваль өткізсек деген ойымыз бар.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – қазақтың дәстүрлі қысқы көлік мәдениетін жаңғырту. Мысалы, бұрын ауқатты адамдар ат жегілген сәнді шаналармен, яғни кәдімгі кәшовкалармен жүрген. Қазіргі тілмен айтқанда, сол заманның ең беделді көлігі деуге болады. Біз музей қорларында сақталып тұрған осындай көне шаналарды қайта жаңғыртып, арнайы шерумен көпшілікке көрсетуді жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай шаналарды жасайтын шеберлер өте азайып кеткен.
Сонымен қатар, фестиваль аясында ұлттық шаңғы спортына да ерекше көңіл бөлінбек. Ертеректе қолданылған, табанына тері қапталған дәстүрлі шаңғылар бүгінде музейлерде ғана сақталған. Алайда мұндай шаңғыларды жасайтын шеберлер әлі де бар. Қазақстанда да, Моңғолияда да, Ресейдің ұлттық аймақтарында да бұл дәстүр толық жоғалып кеткен жоқ. Егер алдын ала ережесін бекітіп, жарнамасын кеңінен жүргізсек, бұл фестивальге қатысушылардың көптеп келетіндігіне сенімдімін.
Жоспар бойынша Марқакөлдің табиғи ландшафты пайдаланылып, арнайы шаңғы бағыттары әзірленеді. Балалардан бастап ересектерге дейін қатысатын жарыстар ұйымдастырылып, әр қатысушының нәтижесі нақты критерийлер бойынша бағаланады. Бұл бір жағынан спорттық сайыс болса, екінші жағынан ұлттық мұраны дәріптейтін мәдени шараға айналады.
Фестивальдің тағы бір маңызды бөлігі – қазақ халқының дәстүрлі тағам мәдениетін таныстыру. Бүгінде көп жастар малдың он екі мүшесін де, оның қалай мүшеленіп, кімге қалай тартылатынын да біле бермейді. Ал бұл – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан үлкен мәдениеті мен әдебі.
Сондықтан фестиваль аясында арнайы этноалаң ұйымдастырып, қой сойып, оның мүшелерін дәстүр бойынша жіліктеп бөлудің жолдарын көрсету жоспарда бар. Мысалы, төстің күйеу балаға тартылатыны, жамбастың қадірлі қонаққа ұсынылатыны, әр мүшенің өз иесі мен мәні бар екені іс жүзінде көрсетіледі. Мұндай дүниені балалар кітаптан оқығаннан гөрі көзбен көріп, қолмен ұстап таныса, олардың санасында әлдеқайда жақсы сақталады.
Меніңше, бұл жай ғана фестиваль емес, ұлттық жадымызды жаңғыртатын үлкен этномәдени жоба болар еді. Бір жағынан қысқы туризмді дамытсақ, екінші жағынан ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жас ұрпаққа нақты тәжірибе арқылы көрсетер едік. Қазір осы идеяны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз.



