ШҚО тұрғындарына мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеу ескертілді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Шарип Сейкенов жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу тәртібі, камералдық бақылау хабарламалары бойынша анықталған бұзушылықтар және салық міндеттемелерін орындау талаптары туралы баяндады.
 
Салық заңнамасына сәйкес, жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталады. Биыл өңірде 316 808 салық төлеушіге жалпы сомасы 325 млн теңге мүлік салығы есептелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65,4 млн теңгеге немесе 25%-ға көп.
 
Салықты белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда берешекке өсімпұл есептеліп, өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Оның ішінде банк шоттарын бұғаттау, мүлікке тыйым салу, жалақыдан ұстап қалу және елден шығуға шектеу қою қарастырылған. Сонымен қатар, жеке сот орындаушылары берешек сомасының 25%-ын қосымша өндіріп алуы мүмкін.
 
Брифинг барысында камералдық бақылау хабарламаларына да тоқталды. Салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Салық төлеуші анықталған бұзушылықтармен келіскен жағдайда оларды белгіленген тәртіппен жоюы тиіс. Ал келіспеген жағдайда сәйкессіздіктердің туындау себептерін негіздеп, түсініктеме беруге құқылы.
 
Камералдық бақылау барысында жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында қосылған құн салығы бойынша декларациядағы қателер, ҚҚС сомасын төмендету немесе асырып көрсету, корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерді асырып көрсету, кірістерді төмендету және мүлікті өткізуден түскен кірістерді толық көрсетпеу фактілері бар.
 
2026 жылдың басынан бері 2025 жылғы есепті кезең бойынша корпоративтік табыс салығына қатысты 1 378, жеке табыс және әлеуметтік салықтар бойынша 1 244, ал қосылған құн салығы бойынша 1 601 камералдық бақылау хабарламасы жолданған.
 
Мамандар облыс тұрғындарына мүлік салығын белгіленген мерзімнен кешіктірмей төлеуге кеңес берді. Салық берешегін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты, электрондық үкімет порталы, e-Salyq Azamat және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, төлем жасауға болады.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter