Өскемендік өрт сөндіруші Тимур Муташев: Мамандығым – мақтанышым

Өрт сөндіруші мамандығы – үлкен жауапкершілікті, ерлік пен табандылықты талап ететін ауыр әрі құрметті қызмет. Бұл мамандықты екінің бірі таңдамайды. Ал Азаматтық қорғау аға сержанты Тимур Муташев бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тимур 2019 жылдан бері төтенше жағдайлар жүйесінде қызмет атқарып келеді. Қазір ол Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өскемен қалалық мамандандырылған жасағында аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып еңбек етеді. Тимур үшін бұл жай ғана жұмыс емес, өмір салты, екінші отбасы іспеттес. Оның бұл таңдауын жақындары – жұбайы мен екі баласы қолдап, үнемі мақтанышпен айтып отырады.
Өрт сөндіруші тек қала ішінде емес, қажет болса, өңірлерге де көмекке барады. Тимур Абай облысындағы ірі табиғи өрт кезінде де алғы шепте жүрген. Ол кезде орман алқаптарын шарпыған қызыл жалынмен арпалыс оңай болмағанын жасырмайды.
Тимур Муташев үшін қарауыл – нағыз сенім артатын екінші отбасы. Себебі бұл қызметте әріптестердің бір-біріне деген сенімі мен өзара көмегі – басты тірек.
Қауіп пен оттың ортасында жүріп, талай адамның өмірін құтқарған Тимур бос уақытында отбасысының жанында болуға тырысады. Сонымен қатар футболмен белсенді айналысады.
Еңбек жолын жүрек қалауымен таңдаған жандардың еңбегі әрқашан құрметке лайық.