Мұсылман жұрты үшін қасиетті мерекелердің бірі – Құрбан айт. Бұл күн – имандылық пен қайырымдылықты дәріптейтін, рухани тазару мен адамдар арасындағы бауырмалдықты арттыратын ерекше мейрам. Құрбан шалу – әр мұсылманның жүрек қалауымен орындалатын сауапты іс. Алайда мереке қарсаңында көпшілікті мазалайтын басты сұрақ: құрбандыққа малды қайдан және қандай бағамен сатып алуға болады?
Осы мәселеге орай, Altainews.kz тілшісі облыстық мешіт өкілдерінен және мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардан мәлімет сұрастырды.
Облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Маралхан Шереханұлының айтуынша, Өскемен қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары құрбандыққа шалынатын малды Ұлан ауданындағы Атығай асуынан және орталық мешіттің артқы жағындағы арнайы қасапханадан сатып ала алады.
– Бұл екі орында да шариғат талаптарына сай жабдықталған қасапханалар жұмыс істейді. Қасапшылар құрбандықты дұрыс ниетпен, тиісті дұғалармен шалып, тұтынушының сұранысына қарай мүшелеп береді. Малдың жасы маңызды: қой кемінде 1 жаста, ал ірі қара – 2 жастан кіші болмауы тиіс. Бағалары да осыған байланысты әртүрлі. Қазіргі таңда қойдың орташа бағасы – 80 мың теңге, ал ірі қара – шамамен 550 мың теңге, – деді наиб имам.
Көп жылдан бері құрбандыққа мал сатып, халыққа қызмет көрсетіп жүрген азаматтардың бірі – Тарбағатай ауданындағы «Нұрболат» шаруа қожалығының иесі Бекболат Қайратұлы.
– Бұрын Өскемендегі ипподром маңында мал сататынбыз. Биыл Атығай асуында арнайы қасапхана ашылғаны – үлкен көмек. Қазіргі таңда 70 қой алып келдік. Келіп, таңдап, белгі қойып кетіп жатқан жамағат көп. Кей тұрғындар “Құрбан айт күні баға қымбаттап кетеді” деп алаңдайды. Иә, кейбір алыпсатарлар сондай әрекетке баруы мүмкін. Бірақ бұл малшыларға тән емес. Қазір қой етінің келісі – 3300 теңге, сиыр еті – 2800–3000 теңге аралығында. Малшының бір жылдық еңбегін ескерсек, бұл баға әділ деп ойлаймын. Біз малды сатып алған соң, тұтынушының қалауы бойынша мүшелеп не үшке бөліп дайындап береміз, – дейді кәсіпкер.
Глубокое ауданының тұрғыны Алихан Серікқанұлы бірнеше жылдан бері Құрбан айт кезінде ірі қара мал шалып келеді. Ол малды ауыл-ауылды аралап жүріп сатып алатынын айтты.
– Малды ауылдан сатып аламын. Алған жерімде сойғызып, таза етін келісін 3000 теңгеден аламын. Бір ірі қараның таза еті орта есеппен 170–200 келі шамасында болады, – деді ол.
Ал осы ауданның тағы бір тұрғыны, қой шаруашылығымен айналысатын Хитаб аға да Құрбан айт қарсаңында сұраныстың артатынын атап өтті.
– Соңғы екі-үш жылдан бері аудан тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де келіп, құрбандыққа қой сатып алатын болды. Қазір бір жарым жасар тоқтылардың бағасы – 65–70 мың теңге шамасында. Қаласа, малды сойып, мүшелеп дайындап береміз, – деді ол.
Жалпы мал бағасы неден құралады, түпкі баға мен соңғы баға арасында қандай жолайы шығын үстемелеп қосылады? Бұл туралы тәжірибелі фермер Бекболат Қайратұлы тарқатты:
– Тарбағатайда бұл тоқты-қойлар 50 мың теңгеден сатылар еді. Бірақ жол шығыны бар: мен 70 қойды тасымалдау үшін 150 мың теңгеге көлік жалдаймын. Жол ұзақ болған соң, мәселен, бір тоқтым мерт болды, кейде жолда жануарлар бірін-бірі мыжып кетеді. Өскеменде жүрген екі-үш күнде жатын орын, ішіп-жем бар. Кейде мал болдырып қалса ертерек келіп бірнеше күн күйін келтіру үшін арнайы қоректендіреміз. Осының бәрі қойдың қаладағы бағасына үстеме болып қосылады. Көп адам ауылдан 40–50 мыңға сатып алып, қалада қымбатқа өткізетін делдалдар туралы айтып жатады. Бірақ бүгінге дейін ондай алыпсатарлар өз көзіме түскен жоқ. Қазір мал сатып тұрғандардың бәрі – малмен айналысып жүрген кәдімгі кәсіпкерлер, – дейді Бекболат Қайратұлы.
Құрбан айт – жан мен жүректі тазартып, адамдар арасындағы мейірім мен қайырымдылықты арттыратын мереке. Шығыс Қазақстан облысында бұл күнді шариғатқа сай өткізу үшін барлық жағдай жасалған: арнайы қасапханалар, тәжірибелі қасапшылар, адал мал таңдау мүмкіндігі бар. Тек ең бастысы – ниеттің тазалығы мен рәсімнің дұрыстығын сақтау екенін ұмытпаған жөн.