6 маусым – Қазақстанда Құрбан шалу күні болып белгіленді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мал сою кезінде қасапшылар сақтауы тиіс талаптарды жариялады. Бұл талаптар 6 маусым күні елімізде Құрбан шалу күні болып белгіленуіне байланысты маңызды мәнге ие болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, малды ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен мұсылман адам бауыздауы керек. Құрбандыққа шалынатын малдың жүзін құбылаға қаратып, «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп айту – шариғат талабы. Пышақ өткір болуы тиіс, ал мал бір тартқанда бауыздалуы керек. Сонымен қатар малды оң бүйірімен жатқызып, жүнінен тартып қорламау, пышақпен басқа жануарларға зиян келтірмеу қажет.
Қасапшының арнайы киімі болуы және денсаулығы жарамды (флюорографиядан өткен) болуы тиіс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл талаптарды ұстану – құрбандық шалу рәсімінің діни әрі этикалық жағын сақтау үшін маңызды екенін еске салады.
Фото: ШҚО Халифа Алтай мешітінің telegram арнасынан