Марқакөлде уылдырық шашу маусымы сәтті аяқталды

Шығыс Қазақстан 2-08-2025, 12:05

Әр көктем келген сайын Марқакөл көлінде тіршілік ерекше реңкке енеді. Мамырдың алғашқы күндерінен шілденің басына дейін созылатын уылдырық шашу маусымы – ерекше табиғи процесс. Биыл бұл кезең сәтті аяқталып отыр. Оның табысты өтуі – жүйелі әрі үйлесімді ұйымдастырылған экологиялық іс-шараның нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Майқан (ленок) мен қарауыз (хариус) – Марқакөлдің негізгі балық түрлері. Олардың көбеюі көл экожүйесінің тұтастығы мен болашағы үшін аса маңызды. Уылдырық шашу үшін балықтар бірнеше шақырым бойы ағысқа қарсы жүзіп, суы тұнық, ағысы қатты өзендердегі арнайы телімдерге жетуге тырысады. Тек Қалжыр өзеніне ағыспен төмен жүзіп түседі.

Дәл осы кезде балықтар жыртқыштар мен арам пиғылды адамдар, яғни браконьерлер үшін оңай олжаға айналуы мүмкін. Сол себепті жыл сайын бұл кезеңде Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы ерекше тәртіпке көшеді.

Марқакөл қорығы үшін бұл – жай ғана экологиялық шара емес, нағыз стратегиялық науқан. Алғашқы кезекте қорықшылар жергілікті халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Ауылдарға арнайы барып, табиғатты қорғаудың маңызын, браконьерлікке қатысты жазаны ұғындырады. Биыл 300-ден астам ескерту парағы әр тұрғынның қолына тапсырылып, әрқайсысы қол қойып алған. Мұндай кездесулерге ауылдық округтер әкімдері мен жергілікті қоғам белсенділері де қатысады. Бұл – қоғамдық бақылаудың да бір үлгісі.

– Табиғатқа деген жауапкершілік тек инспекторларда емес, әр азаматта болуға тиіс. Біз халыққа табиғатты қорғаудың заңдық қана емес, адами тұстарын да жеткізуге тырысамыз. Себебі бұл – бәріміздің ортақ байлығымыз, – дейді Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Аслан Булькубаев.

Қорық директоры Тимур Айкеневтің бұйрығымен 1 мамыр мен 1 шілде аралығында уылдырық шашу орындарында тәулік бойы жұмыс істейтін он бекет қойылды. Бекеттерге тартылған инспекторлар толықтай материалдық-техникалық жабдықпен, атап айтқанда азық-түлікпен, радиобайланыс құралдарымен, электр генераторларымен, жанармаймен қамтылды.

Көл айналасындағы негізгі өзендер мен соқпақтарға алты фототұзақ орнатылып, дрон арқылы сегіз шақырым радиустағы аумақ тұрақты бақыланды. Бұдан бөлек, 20 жылқы, үш моторлы қайық, екі патрульдік көлік, 28 рация, бес мотоэлектр станциясы іске қосылды.

– Технологияның дамуы біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Мысалы, фототұзақтар мен дрондар арқылы біз тек адам қозғалысын ғана емес, жыртқыш аңдардың да белсенділігін тіркеп, экожүйенің ішкі тепе-теңдігін бақылап отырамыз, – дейді Аслан Булькубаев.

Биылғы уылдырық шашу маусымында Марқакөл қорығынан 25 инспектор жұмылдырылып, жалпы саны 543 жедел рейд ұйымдастырылды. Бұл – күн сайын орта есеппен 8-9 рет аумақты аралау деген сөз. Аудандық прокуратура, аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы тарапынан бекеттердегі жұмыс жүйелі тексерілді. Тексеру нәтижесінде қорықшылар тарапынан заң бұзу анықталмаған. Бірақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 7 дерек тіркелді. 

Уылдырық шашу белсенділігі биыл барлық негізгі өзендерде жоғары болды. Бұл – инспекторлардың алдын ала жүргізген дайындық жұмыстарының, әсіресе өзен арналарын тазалау әрекеттерінің нәтижесі. Ағынды бөгейтін кедергілер алынып, балықтардың жоғары еркін көтерілуіне жағдай жасалды. Уылдырық шашқан соң балықтар өз жолымен көлге оралды.

– Біз тек қорғау шараларымен шектелмейміз. Балықтар үшін табиғи жағдайды барынша жақсартуға күш саламыз. Өзен арналарының кедергісіз болуы – көбеюдің кепілі, – дейді ол Аслан Булькубаев.

Браконьерлікпен күрес бір ғана Марқакөл қорығының міндеті емес. Биыл бірлескен жоспар аясында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Батыс Алтай мемлекеттік қорығы, Тарбағатай және Катонқарағай ұлттық табиғи парктері, сондай-ақ табиғатты қорғау полициясы, ҰҚК және орман шаруашылықтары бірлесе қызмет атқарды. 

Биылғы уылдырық шашу науқанының қорытындысы инспекторлар, ғалымдар, басқа да ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды. Қорық басшысы Тимур Айкенев уылдырық шашу маусымындағы оң үрдісді атап, алдағы уақытта қандай мәселелерге баса назар аудару керектігін нақтылады.

– Табиғат бізге аманат ретінде берілген. Ал сол аманатты қорғау – ұрпақ алдындағы борышымыз. Уылдырық шашу маусымында осы бағытта лайықты жұмыс атқарылды, – деді ол.

Фото: Ғабдул Маутхан

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар