ШҚО-да Президент Жолдауын іске асыру бойынша өңірлік жоспар әзірленіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысы Президент Жолдауын іске асырудың негізгі қадамдарын белгіледі. Өңірде экономиканы, цифрландыруды, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамыту басымдықтары қаралды.
ШҚО-да Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттар және оларды өңірде іске асыру жолдары талқыланды. Басты мәселелердің бірі инвестиция тарту болды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының міндетін атқарушы Динара Жұманованың хабарлауынша, 2032 жылға дейін өңірде жалпыұлттық пул аясында 875 млрд теңгені құрайтын 52 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 2025 жылы 104 млрд теңгенің 11 жобасы аяқталмақ, оның ішінде өнеркәсіп саласында 74,4 млрд теңгенің 4 жобасы бар.
Жолдауда цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыру және цифрлық теңгені енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл қадамдар ел экономикасының өсуіне және цифрландыруды жеделдетуге жол ашады. Атап айтқанда, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, салық түсімдерін арттыруға, шалғай аймақ тұрғындарының заманауи төлем қызметтеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар шығындарды азайтып, есеп айырысу тиімділігін арттырады.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста тұтыну бағалары индексі 108,9%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша – 109,1%, азық-түлік емес тауарлар бойынша – 106,9%, ақылы қызметтер бойынша – 110,9%.
Инфляцияны төмендету алдағы уақыттағы басты мақсат ретінде белгіленді. Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайту, логистиканы және сауданы дамыту, баға белгілеуді бақылау мен реттеу шаралары қолданылмақ.
2024 жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнім 5 трлн теңгені құрады, физикалық көлем индексі – 105,9%. Оның 40%-ы өнеркәсіп үлесіне тиесілі, онда «Казцинк» компаниясы жетекші орында тұр (өңдеу өнеркәсібінің 70%-ы).
Өңірлік өнім құрылымы мынадай: өнеркәсіп – 40%, сауда – 13%, ауыл шаруашылығы – 5%, құрылыс – 8%, көлік және қоймалау – 3%, басқа салалар – 31%.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында құс фабрикалары мен шаруашылықтарға 5%-дық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие көлемі кеңейтіледі. Сондай-ақ асыл тұқымды мал сатып алуға арналған өнім іске қосылады, «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі енгізіледі, субсидиялау нақты нәтижеге байланысты ұлғайтылады (мысалы, асыл тұқымды мал алған жағдайда). Мал шаруашылығы қызметкерлері отбасылары үшін әлеуметтік жағдай жасау мүмкіндігі қарастырылуда.
Көлік-логистика саласы басымдықтардың бірі болып қала береді. 2024 жылы 710 шақырым жол жөнделсе, 2025 жылы тағы 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолы жаңартылды, ал Қалбатау – Майқапшағай (Қытай шекарасына дейін) трассасы жаңғыртылуда.
Ірі жобалардың қатарында Бұқтырма су қоймасынан көпір салынды, Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежайлар құрылысы жүріп жатыр. Өскемендегі ірі көлік айрықтары (Сәтпаев және Победа көшелерінде) және Өскемен – Алтай – Рахман қайнары автожолының Осинов асуындағы учаскесі салынуда. Сонымен қатар Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск вокзалдары жаңғыртылуда, Майқапшағай өткізу пункті модернизациялануда.
2030 жылға дейін облыста 144 км жылу желісі, 212 км су құбыры, 213 км кәріз желісі және шамамен 2400 км электр желісі жаңартылмақ. 2025 жылы «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 19,3 млрд теңгенің жобалары бекітілді: 11,6 млрд – жылумен жабдықтау, 3,8 млрд – сумен жабдықтау, 2,7 млрд – су бұру, 1,2 млрд – электрмен жабдықтау.
2030 жылға қарай 650 МВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланып отыр, оның 148,6 МВт-ы жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі.
2025 жылы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 40-тан астам саябақ пен алаң тазартылып, 1 мың тонна қоқыс шығарылды және 47 мыңнан астам көшет отырғызылды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО-ның ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 24,5%-ды құрады (2023 жылы – 22,8%). 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 24,8%-ға дейін өсті. Билік кәсіпкерлікті ынталандыруды жалғастырып, басым бағыттардың дамуына жағдай жасауды көздеп отыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 3 мың орындық 7 мектеп салынды. 2026 жылы Өскемен жоғарғы политехникалық колледжінде «Цифрлық техника» жаңа мамандығы ашылады.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Облыстың 38 колледжінде 19 мыңнан астам студент білім алуда, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 86,8%-ға жетті. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша мемлекеттік тапсырыс 7%-ға өсіп, 7130 орынды құрады.
Еңбек ресурстарын толықтыру үшін «Шығыс шақырады» бағдарламасы жүзеге асуда. Оның квотасы – 641 адам (оның ішінде 269 қандас). Бүгінде 423 адам қабылданды (квотаның орындалуы – 66%).
Өңірде ауылдық жерлерде жоспарланған 36 нысанның 35-і салынды. Өскеменде Гематология орталығының, Риддерде аурухана кешенінің құрылысы аяқталуда. Облыс орталығында 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысы басталды.
Спортта паралимпиадалық және сурдлимпиадалық қозғалыс дамып келеді, кәсіби клубтар жұмыс істеуде, 6 спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр. Футболды коммерцияландыруға және бюджеттен тыс қаражат тартуға ерекше көңіл бөлінген.
Биыл Шығыс Қазақстан ШЫҰ елдері жастарының диалог алаңына айналды. Өңірде «Жастар рухы» лагері, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Студенттік көктем» және «Заводная молодежь» фестивальдері өтті.
Осылайша, өңір Президент тапсырмаларын орындауға арналған егжей-тегжейлі жоспар әзірлейді. Негізгі басымдық инвестицияға, цифрландыруға, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамытуға беріледі. Бұл Шығыс Қазақстанның жасанды интеллект пен технологиялық өзгерістер дәуіріндегі өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

