Балық өңдеу зауыты өндіріс ауқымын екі есеге арттырмақ - Күршім ауданы

Шығыс Қазақстан 13-07-2025, 10:57

Күршім ауданында орналасқан «Төре Тоғам» ЖШС бүгінде аймақтағы ең ірі балық өңдеу кәсіпорындарының біріне айналып отыр. Қалдықсыз өндіріс принципімен жұмыс істейтін зауыт өнімдерін ішкі нарықпен қатар, алыс-жақын шет елдерге – Еуропа, Қытай және Ресейге экспорттауда, деп хабарлайды Altainews.kz.

Кәсіпорын директорының орынбасары Азамат Бейсебаевтың айтуынша, қазіргі уақытта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан цехта тәулігіне 10 тоннаға дейін балық өңделеді. Алайда, кәсіпорын бұл көрсеткішпен тоқтап қалмақ емес – қазір жаңа өндірістік цехтың құрылысы жүріп жатыр.

— Жаңа цех толық іске қосылғанда тәулігіне 20 тонна балық өндіруге мүмкіндік туады. Осылайша, өндіріс көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазір біз 35-40 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, ал жаңа нысан іске қосылғанда бұл сан екі есеге артады. Бұл – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы зор қадам, – дейді Азамат Бейсебаев.

Зауытқа шикізат Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасынан ауланатын балық арқылы жеткізіледі. Кәсіпорынға 600-ден 800-ге дейін жергілікті балықшы балық әкеліп отырады. Бұл аудан халқына тұрақты табыс көзі болып отыр.

Өндірілген өнімнің бір бөлігі Өскемен, Астана қалаларында сатылса, 15-20 тоннасы шетелге экспортталады. Кәсіпорын толықтай қалдықсыз технологияға негізделгендіктен, экологияға да зиян келтірмейді.

— Болашақта балық консервілерін шығару, сонымен бірге мал шаруашылығын дамытып, мал өнімдерін өңдеу бағытында жұмыс істегіміз келеді, – деп атап өтті кәсіпорын өкілі.

Фото: Екатерина Семина

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар