Катонқарағайда «Абай әлемі» кітаптарының жаңа топтамасы таныстырылды

Шығыс Қазақстан / Өскемен 18-06-2025, 18:22

Катонқарағайда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында Абай рухына арналған маңызды шара өтті. А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы көпшілікке «Абай әлемі» топтамасының жаңа кітаптарын таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әдеби кеш белгілі қаламгерлер – Қалихан Ысқақтың 90 жылдығы мен Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты поэзия фестивалімен қатар өтті.

Шарада «Төр Алтайдың әдеби әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына жаңа туындылар ұсынылды. Бұл көрмеде өңірдің бай әдеби мұрасы көрсетілді.

«Абай әлемі» жобасы 2018 жылдан бері қолға алынып келеді. Оны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қолдап келеді. Жоба – қазақ әдебиетін кеңінен танытып, руханиятты дамытуға бағытталған. Биылғы шығарылымға жазушы Қалихан Ысқақ пен қаламгер Дидахмет Әшімханұлының таңдаулы шығармалары енген. Сонымен бірге, халық аңыздары жинақталған «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» атты жаңа кітап та жарық көрді.

Мұндай рухани шаралар – әдебиетті жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізудің жақсы үлгісі.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар