ШҚО: суға түсу маусымы басталғалы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Шығыс Қазақстан / Өскемен 13-06-2025, 17:54

Шығыс Қазақстанда су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұқтырма су қоймасы мен басқа да жаппай демалатын жерлерде ТЖД құтқарушылары, полиция және көліктік бақылау инспекциясы бірлесіп күнделікті рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су маусымы басталғалы бері 460-қа жуық патруль ұйымдастырылып, демалушыларға суда қауіпсіздік сақтау ережелері түсіндірілді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тек рейдтердің өзінде 6 адам құтқарылған.

Құтқарушылардың айтуынша, жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – құтқару кеудешелерінсіз жүзу құралдарын қолдану және шектеу қалтқыларынан асып жүзу. Бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.

– Катамаран, қайық, скутермен жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтамау – басты проблема. Құтқару кеудешесі болмаған жағдайда жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сонымен қатар мас күйінде шомылу да қауіпті. Біз күн сайын рейдке шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Тексерулер барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша тәртіп бұзушылар анықталған. Атап айтқанда, 592-баптың 1-бөлімі, 412-бап және 364-19-баптар бойынша бірнеше адамға шара қолданылған.

ТЖД мамандары тұрғындарға келесі ережелерді ескеруді сұрайды:

Тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылыңыз;

Су қоймаларында спирттік ішімдік ішпеңіз;

Қайықпен, катамаранмен немесе скутермен жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз;

Міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз;

Қайықтан суға сүңгуге болмайды;

16 жасқа дейінгі балалар ересектердің қарауынсыз жүзу құралдарын қолданбауға тиіс;

Жүзу құралдарын шамадан тыс жүктемеу қажет;

Қайыққа отыру, орын ауыстыру, бір қайықтан екіншісіне секіру – қауіпті және тыйым салынған.

Кез келген төтенше жағдай орын алғанда 112 нөміріне дереу хабарласыңыз.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар