Төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек – Апаттар медицинасы орталығының қызметі

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД медициналық қызметінде медициналық мамандар да еңбек етеді. Дәрігерлер төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетеді, сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің медициналық тексерулерін өткізеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айгерім Жансарова құтқару қызметінде 2015 жылдан еңбек етеді.
Төтенше жағдайлар қызметкері ретінде Айгерім өңір қауіпсіздігі үшін еңбек етуде. Бұл – өте маңызды әрі жауапты жұмыс. Айгерім Жансарова жиі еске алатын жағымды оқиғалардың бірі – өрт болған үйде мысығы қалып қойған әйелге алғашқы көмек көрсету сәті. Мысығы сол жерде қалғандықтан, әйел қатты уайымдап, қан қысымы көтеріліп кеткен. Тіпті жылаған. Әйел адам тек құтқарушылар мысықты алып шыққаннан кейін ғана сабырға келіпті.
2025 жылдың басынан бері Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері әртүрлі төтенше жағдайларға 270 рет шыққан. Олар 40-қа жуық азаматты құтқарып, зардап шеккен 50-ден астам адамға көмек көрсетті. Шақыртулардың 40 пайызы өрттерге, 25-30 пайызы жол-көлік оқиғаларына байланысты. Жол апаттарының ерекшелігі – жиі кездесетін бетпе-бет соқтығыстар, мұндай апаттарда бірнеше адам ауыр жарақат алады. Қазір республикалық және облыстық трассалардағы қауіпті учаскелерде апаттарға ұшырағандарға жедел медициналық-құтқару көмегін көрсету жүйесін ұйымдастыруға мүмкіндік берген трассалық медициналық-құтқару пункттерінің тұрақты жүйесі құрылды.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі