Мейірімділік экспедициясы: Қан орталығының еріктілері ел бойынша донорлықты насихаттауда

Өскемен 4-05-2025, 16:00 0

Қазақстанда донорлық мәдениетін дамытуды мақсат еткен ерекше жоба – мейірімділік экспедициясы бастау алды. Республикалық қан қызметінің еріктілері Ермек Дүйсенханов пен Арман Сатимов елді аралап, қан тапсырудың маңыздылығын түсіндіруде. Олар 17 күндік автосапар барысында тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауыл-аймақтарда да ақпараттық кездесулер өткізуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Экспедиция барысында еріктілер әр өңірде жергілікті тұрғындармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, шағын дәрістер оқып, қан донорлығы туралы ақпараттық материалдар таратты. Жобаның басты ерекшелігі — қан орталығының логотипі бар арнайы көлікпен жолға шыққан еріктілердің маршрутында алты облыс пен ондаған елді мекен бар.

— «Мұндай бастамалар қоғамдағы жанашырлық пен өзара көмектесу құндылықтарын нығайтуға сеп болады. Донорлық – бұл тек қан тапсыру емес, бұл өмірді сақтау жолындағы азаматтық борыш. Біз еріктілеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз», — дейді Қан орталығының директоры Сәния Әбдірахманова.

Экспедиция барысында экология, ауылдық өңірлерді дамыту, тарихи мұраны сақтау сияқты өзекті мәселелер де көтеріліп жүр. Бұл жобаның кең ауқымды және жан-жақты екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, дәрістер аяқталған соң тұрғындар Қан орталығының көлігіндегі арнайы картаға қызыл нүктелер жапсырып, өз қолдауын білдіруде. Бұл — қан тапсыру туралы ақпарат алған және оны қолдайтын азаматтардың санын білдіретін символ.

— «Донор болу — тек бір адамның өмірін құтқару емес, бұл қоғамның бір бөлшегі екеніңді сезіну. Адам өзін маңызды сезініп, үлкен жүйенің ажырамас бөлігіне айналады. Қан – бұл өмір, ал донор – сол өмірді сақтап қалушы», — дейді ерікті-амбассадор Арман Сатимов.

Жоба ел аумағындағы адам өміріне бейжай қарамайтын мыңдаған тұрғындарды қамтуды мақсат етіп отыр. Ал бұл сапар — мейірім мен үмітке толы жолдың басы ғана.


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

ШҚО жаңалықтары

Өскеменде 1 маусымнан бастап жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды
Шығыс Қазақстанда сел қаупі жоғары кезең басталды
Өскемендік 1440 бала «Жігер» жазғы лагерінде демалады
Шығыстағы мектеп оқушылары енді өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады