1000-нан астам мемлекеттік қызметкер бір алаңда: Өскеменде республикалық спартакиада басталды

Спорт 11-06-2025, 15:59

10-17 маусым күндері аралығында Өскеменде жергілікті атқарушы орган өкілдері арасында дәстүрлі республикалық спартакиада өтеді. Бүгін Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл шығыс өңірінде ұйымдастырылып отырған бұл спартакиадаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан командалар жиналды.

– Бұл спартакиада тек салауатты өмір салтын насихаттаумен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер арасындағы достықты, әріптестікті және ынтымақтастықты арттыратын маңызды шара. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріп отыр. Осы бағытта облыста 1628 спорт нысаны жұмыс істейді. Онда 312 мыңға жуық адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Ежелден «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған, ал спорт – денсаулық кепілі, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде.

Бес күнге жалғасатын спорттық бәсекеде мемлекеттік қызметшілерден құралған 19 команда өзара бақ сынайды. Қатысушылар мини-футбол, волейбол, жүзу, арқан тарту, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қазақ күресі, баскетбол 3х3 сияқты спорт түрлері бойынша жарысады.

– Біз Батыс Қазақстан облысынан 60-қа жуық адам болып келдік. Шығыс Қазақстан өңіріне алғаш рет келіп отырмыз. Табиғаты әсем, адамдары да өте қонақжай. Бұрын да бірнеше рет осы спартакиадаға қатысып, жүлделі орын алып жүрміз. Бұл жолы да жеңісті қолдан бермейміз деген сенімдеміз, – дейді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 1000-ға жуық мемлекеттік қызметшіні біріктірген бұл жарыс салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұжымдық рухты нығайтып, бір мақсат жолында біріге әрекет етуге үйретеді. Былтыр бұл дода Ақтөбе қаласында 8 спорт түрінен өткен болатын. Ал биыл жарыс бағдарламасына баскетбол 3х3 пен арқан тарту енгізіліп, гір тасын көтеру спорты алынып тасталды.


Фото: Махаббат Ахметжанова

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар