Шаттық пен шымырлық мерекесі: Өскеменде балаларға арналған спорттық іс-шаралар өтті
Өскемен
26-05-2025, 18:37

“Қазақстан балалары” тұжырымдамасы аясында Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында және 1 маусым - Балаларды қорғау күні қарсаңында балаларға арналған жарқын әрі мазмұнды спорттық шаралар өтті. Күннің шуағындай шаттық сыйлаған бұл іс-шаралар балалардың денсаулығы мен спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Шараға өңірдің белгілі спортшылары қатысты: ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Уланов Денис, батут гимнастикасы бойынша Әлем чемпионы Барков Роман, гребной слалом бойынша Азия чемпионы Еренгаинов Қуаныш, байдарка мен каноэден жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Торлопова Маргарита, хоккейден қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегерлері Саяхатқызы Дильназ және Саяхатқызы Мунира.
Шараның модераторы — Өскемен қаласының жалпы физикалық дайындық бойынша жаттықтырушысы Ангелина Устинович болды. Барлығы 190 бала спорттық іс-шараларға қатысып, көңілді уақыт өткізді.
Таңғы уақытта Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында жас спортшыларға арналған сергектік жаттығуы ұйымдастырылды. Облыстың танымал спортшылары балалармен бірге жаттығып, салауатты өмір салтының қыр-сырымен бөлісті. Әрбір қимыл, әрбір кеңес балалар үшін үлкен шабыт көзіне айналды.
Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 мектептің спорт залында кішкентай бүлдіршіндерге арналған көңілді эстафета ұйымдастырылды. Балалардың көзіндегі от пен жүздеріндегі шаттық олардың бұл мерекені ұзақ уақыт ұмытпайтынын аңғартты.
Мектепте сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Альназарованың видеожолдауы көрсетілді, ол балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау идеясын қолдады.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар арқылы балаларға дене белсенділігінің маңызын түсіндіріп, олардың бойында салауатты әрі сергек өмірге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру көзделген.