Биыл елімізде 40-қа жуық халықаралық спорттық жарыс өтпек
2025 жылдың соңына дейін елімізде 40-қа жуық халықаралық спорт жарысы өтпек. Бұл жарыстардың қатарында олимпиадалық, паралимпиадалық, ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері бар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бәсекелер де өткізіледі. Іс-шаралар ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ұлттық және халықаралық спорт федерацияларының қолдауымен ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаз мезгілінде өтетін жарыстарға тоқталсақ:
Маусым айында Астанада интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар спортшылар арасында баскетболдан әлем чемпионаты өтеді (Virtus World Basketball Championship).
Маусым-шілде айларында ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогі ұйымдастырылады.
Шілде айында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты, Алматыда үстел теннисінен халықаралық турнир (WTT Youth Contender Almaty) өтеді.
Күз бен қыста өтетін жарыстар:
Қыркүйекте Алматыда үстел теннисінен тағы бір халықаралық турнир (WTT Contender Almaty).
Қазанда Астанада мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge турнирі.
Қазан-қарашада панкратионнан Әлем чемпионаты.
Қарашада шорт-тректен жастар арасындағы Әлем кубогінің екі кезеңі және садақ атудан С.Н. Лиді еске алуға арналған Қазақстан Гран-приі.
Желтоқсанда Астанада бадминтоннан халықаралық жарыс өтеді.
Сонымен қатар джиу-джитсу, грэпплинг, кикбоксинг, NOMAD MMA, брейкинг сияқты спорт түрлерінен де жарыстар жоспарланған.
Ұлттық спорт түрлері де ұмыт қалмайды. Биыл ұлттық спортқа ерекше мән берілмек. 15-тен астам ірі іс-шара ұйымдастырылады:
Маусымда Алматыда теңге ілуден әлем чемпионаты өтеді.
Тамызда Астанада қазақ күресінен Азия чемпионаты болады (ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында).
Шымкентте дәстүрлі садақ атудан «Dala Mergeni» әлем чемпионаты.
Маңғыстауда жамбы атудан жастар мен жасөспірімдер арасында ІІ және І Азия чемпионаттары өтеді.
Бұл жарыстар Қазақстанның спорттық деңгейін көтеруге, халықаралық серіктестік пен туризмді дамытуға үлкен серпін бермек.
