ШҚО ТЖД: Шомылу маусымы қауіпсіз өтуі үшін нені білу керек?

Шомылу маусымы басталды. Су қоймасы – өзен, көл немесе тоған болсын – әрбір адам судағы тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін білуге және мүлтіксіз сақтауға міндетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тексерілмеген жерлерде шомылуға болмайды. Біріншіден, суға батып кету немесе ауыр жарақат алу қаупі бар, өйткені су астында темір штырлар мен қалың бұталар болуы мүмкін. Кейде судың түбі күрт тереңдеп кетеді, бұл тәжірибесіз жүзушілер үшін аса қауіпті.
Суда демалған кезде аса мұқият болу қажет: тек рұқсат етілген жерлерде шомылу, балаларды көзден таса жібермеу, ыстық күндері су маңында алкоголь ішуден бас тарту керек. Қайғылы жағдайлардың көпшілігі дәл осы себептерден орын алады.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе сақтамағаны үшін жауапты тұлғалар мен азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы (жалпы су пайдалану ережелерін бұзу) және 412-бабы (су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Шомылу маусымы басталғалы ШҚО ТЖД құтқарушылары полиция және еріктілермен бірлесіп су айдындарында профилактикалық шараларды күшейтті. 458 рейд жүргізіліп, оның барысында судағы қауіпсіздік шараларын бұзған 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейд қатысушыларының айтуынша, олардың басты мақсаты – азаматтардың назарын қауіпсіз демалыс мәселесіне аудару.
Фото: depositphotos.com