Суға шомылуға қай жерде рұқсат, қайда тыйым салынғанын білесіз бе?

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары тұрғындарға суға шомылуға рұқсат етілген аумақтардың шекарасын сақтау, жүзуге арналған шекті тереңдікті көрсететін буйкалар орнату сынды талаптардың маңыздылығын еске салды. Сонымен қатар су айдындарында алғашқы медициналық және құтқару бекеттерінің болуы, бұл бекеттерде суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге арналған арнайы құралдардың дайын тұруы да аса маңызды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қалалық ТЖБ басшысының орынбасары Дастан Ахметовтің айтуынша, демалыс орындарының иелері «Су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру қағидаларын» қатаң басшылыққа алуы тиіс. Балаларға арналған арнайы шомылу аумақтары да қарастырылуы қажет.
Қазіргі уақытта Өскемендегі «Самал» саябағы мен «Көгілдір көлдер» маңындағы екі жағажайда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жағалау аумағы тазартылып, су түбі тексерілуде, медициналық қызметкерлерге арналған бекеттер жабдықталып, құтқару құралдары сатып алынуда.
Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес өңірде 25 шомылу учаскесі белгіленіп, 74 орынға шомылуға тыйым салынады. Қазіргі кезде жабдықталған жағажайларда, соның ішінде лагерьлер мен демалыс базаларында кезекшілік ететін ерікті құтқарушыларды оқыту жүргізілуде. Азаматтардың қауіпсіздігіне басымдық берілгендіктен, бұл оқу бағдарламасы ТЖД-ның кәсіби құтқарушылары тарапынан әзірленген. Бағдарлама шеңберінде суға кеткен адамға алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде әрекет ету, құтқару құралдарын пайдалану және қайықпен патрульдеу машықтарын меңгеру көзделген.
ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Даурен Ағажаевтың айтуынша, өңірде жағажай иелерінің өтінімдері бойынша су түбін сүңгуірлік тексеру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
ШҚО ТЖД мамандары демалушыларға тыйым салынған белгілерді елемеуге болмайтынын ескертеді. Өйткені мұндай орындарда ағыс қатты, су түбінде терең шұңқырлар болуы мүмкін әрі ол аумақтар сүңгуірлермен тексерілмеген. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған немесе орындамаған жағдайда жауапты тұлғалар мен азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да еске салады.
Бұл шаралардың барлығы – жаз мезгілінің қауіпсіз өтуі, демалыстың қайғылы оқиғаға ұласпауы үшін жасалып отыр. Сондықтан шомылуға арнайы жабдықталған жағажайларды ғана таңдап, балаларды қараусыз қалдырмау қажет.
ШҚО ТЖД мәліметінше, өткен шомылу маусымында облыс аумағындағы су айдындарында 4 адам көз жұмған. Барлық жағдай рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.
Төтенше жағдай туындаса – 112 нөміріне хабарласу керек.