Қала әкімі батыл студентпен кездесті

Өскемен қаласының әкімі Алмат Акышов жақында суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған студент Ерасыл Омархановпен кездесті. Ерасыл – Қазақстан-Американдық Еркін Университетінде психология мамандығы бойынша оқып жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерасыл жуырда Үлбі өзенінің жағасында болған төтенше жағдайда батылдық танытып, суға батып бара жатқан баланы аман алып қалған. Ол еш ойланбастан көмекке ұмтылып, дұрыс шешім қабылдаған.
Қала әкімі Ерасылдың ерлігіне алғыс айтып, оған алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, «AN Group» компаниясы Ерасылдың оқу ақысын төлеуге дайын екенін айтып, оған қолдау көрсетпек.
Өз кезегінде Ерасыл бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын айтты.
«Мұндай жағдайда кез келген адам көмекке келуі керек деп ойлаймын», – деді ол.
Қала әкімі Ерасылдың ісі барша жастарға үлгі екенін айтып, оған ризашылығын білдірді.
«Осындай жүрегі кең, елге жанашыр жастарымыздың бар екені қуантады. Ерасылдың бұл әрекеті көпке үлгі болып, мейірімділік пен жауапкершілік сезімін арттырады», – деді шаһар басшысы.
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі