Шығыс Қазақстанда сел қаупі жоғары кезең басталды

Шығыс Қазақстан облысында 15 мамырдан бастап сел қаупі жоғары кезең басталды. Қауіпті аймақтарға Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандары мен Риддер қаласы жатады. Бұл өңірлерде сел жүруі мүмкін 13 қауіпті ошақ тіркелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған аудандардағы таулы аумақтарда 11 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мореналық көл қалыптасқан. Осы кезеңде «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары көлдердің жағдайын және сел мен сырғыма ағындарының пайда болуына әсер ететін факторларды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Облыс аумағында сырғыма қаупі бар 9 учаске анықталған. Олар: Громотуха және Уба – Риддер, Бұқтырма, Хамир, Черновая – Алтай ауданы, Бұқтырма – Катонқарағай ауданы, Кендірлік – Зайсан ауданы бағыттарында орналасқан.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сел жүруі мүмкін учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқаны, ал сырғыма қаупі бар аумақтарда 18 қалқан орнатылған. Сонымен қатар, сел мен сырғыма жүруі ықтимал аймақтар туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға, қауіпті аумақта орналасқан кәсіпорын басшыларына және жеке тұрғын үй иелеріне жеткізіліп, ескерту парақшалары таратылды.
Сел мен сырғыма қаупіне мониторинг жүргізу үшін облыс аумағында 9 маусымдық гидропост және жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 1 тұрақты гидропост орнатылған.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары тұрғындарға сел қаупі жоғары кезеңде таулы аймақтарға бармауға кеңес береді.
Кез келген төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.