Ұлан ауданында ауызсу құбырлары жаңартылып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов Ұлан ауданына жұмыс сапары барысында Бозанбай және Асубұлақ елді мекендеріндегі су тарту жобаларының іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Асубұлақ ауылында жалпы ұзындығы 45,986 шақырым болатын су құбыры желілері мен құрылыстарын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 524 үй мен 12 әлеуметтік нысан орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады. Жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер – «КИТ-Холдинг» ЖШС. Бүгінде 21,2 км траншея қазылып, 17,8 км су құбыры тартылған.
Бозанбай ауылында ұзындығы 34,1 км жаңа су құбыры желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба 399 үй мен 12 қоғамдық нысанды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бас мердігер – «ТМ-ТЕПЛОМИР» ЖШС. Қазіргі кезде 6,9 км траншея қазылып, 3,7 км құбыр төселген.
Жұмыс сапасы мен мерзімін жақсарту мақсатында Бозанбай ауылындағы құрылыс қарқынын арттыру, техниканың санын көбейту, құрылыс жұмыстарының кестесін қайта қарап, екі ауысымдық жұмыс тәртібіне көшу қажеттігі айтылды.
Фото: Ұлан ауданының әкімдігі