Сарбаздармен бірге: 101 жастағы ардагер оқу полигонында

Шығыс Қазақстанда елінің амандығы үшін еңбек еткен ардагерге құрмет көрсетілді. Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер саласының ардақты ардагері Құрмат Рахимұлы 101 жасқа толды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Осы атаулы күнге орай ШҚО полиция департаментінің қызметкерлері Құрмат атамен кездесті. Жас полицейлер ардагерді оқу-жаттығу полигонына шақырып, әскери өмірдің бір сәтін қайта сезінуге мүмкіндік берді. Құрмат ата винтовканы қолына алып, нысанаға оқ атты. Жас сарбаздармен әңгімелесіп, олардың дайындығын көріп, дала жағдайында дайындалған сарбаз ботқасынан дәм татты.
Ардагерге ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің арнайы құттықтау хаты табысталды. Хатта Құрмат Рахимұлының ел үшін жасаған еңбегі мен ішкі істер саласындағы адалдығы ерекше аталып, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілектері жазылған.
Бұл күн – ардагер үшін ғана емес, оны құттықтап келген әр адам үшін де жүрекке жылы, ерекше әсерлі күн болды. Құрметке бөленген Құрмат атаның өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге.