Шығыста сел қаупі бар орындар бақылауға алынды

Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында сел жүру қаупі бар бірнеше учаске бақылауда тұр. Құтқарушылар табиғи апаттың алдын алу үшін қауіпті аймақтарда күнделікті бақылау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс аумағында жалпы саны 144 мореналық көл бар екен. Солардың тоғызы сел жүріп кетуі мүмкін деген қауіп тудырып отыр. Бұл көлдер – таудағы қар мен мұз ери келе немесе жауын-шашыннан жиналған сулар. Олар мұздықтар пайда еткен шұңқырларда жиналады. Егер ауа райы күрт жылынса немесе ұзақ уақыт жаңбыр жауса, тіпті жер сілкінсе, сел жүруі ғажап емес.
Қазір облыс бойынша сел қаупін бақылауға арналған 9 маусымдық гидропост пен Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты өзенінде жұмыс істейтін тұрақты гидропост бар. Бұл бекеттер тәулігіне үш рет ауа райына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады.
Құтқарушылар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сел жүрсе не істеу керектігін үйретуде. Мамандар елді мекендерді, өндіріс орындарын, жолдарды, көпірлер мен инженерлік желілерді бақылауға алған.
Қазір жағдай тұрақты, бірақ мамандар қауіп сейілген жоқ деп ескертеді. Селден сақтанудың жалғыз жолы – алдын ала дайын болу. Сол себепті туристер мен тұрғындар тауға шығарда сел немесе көшкін жүруі мүмкін аймақтарды біліп жүргені жөн.
Фото: ШҚО ТЖД