Самар ауданында инфрақұрылымға 1,7 млрд теңгеден астам қаржы құйылды: ауылдар өмір сүруге жайлы бола түсуде

Шығыс Қазақстан / Өскемен 19-06-2025, 18:42
Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданы ауқымды жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. 2025 жылдың басынан бері инженерлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымға 1,7 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл қаражат ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және елді мекендерде жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді. 
 
Көріктендіру саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Сарыбел және Миролюбовка ауылдарында заманауи көше шамдары орнатылып жатыр. Жаңа жарық бағаналары Самар ауылындағы және оның айналма жолындағы көшелерде де пайда болады.
 
Жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көкжота, Көкжыра және Самар ауылдарында жолдар жөнделіп, Миролюбовкада тротуарлар салынуда. Жұбандық, Қабанбай, Абай, Алтынсарин және Амангелді көшелері мен «Палатцы – Подгорное» автожолының бір бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілуде.
 
Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып отыр. Құлынжон, Аққала және Көкжыра ауылдарында су құбырлары жаңартылуда, ал Самар ауылында су тарту құрылыстары қайта жаңғыртылып жатыр.
 
Палатцы ауылында ұялы байланыс сигналын күшейту үшін антенна-мачталық құрылыс салынуда. Жаңажол және Қаратүбек ауылдарында мәдениет үйлерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Карповка ауылында су қоймасына күрделі жөндеу жүргізілуде, сондай-ақ жылу жүйелерінің қайта жаңғыртылуы басталды.
 
Тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында республикалық бюджет пен ҚДБ есебінен тұрғын үйлер сатып алынуда. Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы электрмен жабдықтау желісі де сатып алынуда.
 
Іске асырылып жатқан жобалар тек инфрақұрылымды дамытуға емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл – жылы үйлер, жарық көшелер, таза су мен қолжетімді байланыс. Мұның бәрі ауылдың орнықты дамуы мен жайлы өмірі үшін негіз болмақ.
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар