Зайсан ауданында инфрақұрылым ауқымды жаңартылып жатыр
Шығыс Қазақстан / Өскемен
19-06-2025, 18:44

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында инфрақұрылымды кешенді жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы бірден бірнеше бағытта — көлік желісі мен сумен қамту жүйесінен бастап әуежай салу мен газдандыруды кеңейтуге дейінгі жұмыстар қолға алынған. Бұл туралы Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте мәлімдеді.
Ұзындығы 16,1 шақырым болатын автожолдар мен көшелерді жөндеуге 515,5 млн теңге бөлінді. «Зайсан–Жанатұрмыс–Шүршітсу» тасжолының 12 шақырымы және Біржан мен Сарытерек ауылдарындағы көшелер жаңартылып жатыр.
Зайсан қаласы мен 21 ауыл тұрақты қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ әуе қатынасы да бар — «Оңтүстік аспан» компаниясының АН-24 ұшағы жылына 12 мыңға дейін жолаушы тасымалдайды.
Сәтпай ауылында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл нысан туризм мен логистиканың дамуына серпін береді. Мұнда заманауи инфрақұрылым, жолдар және логистикалық қуаттылықтар пайда болады.
Қазіргі таңда 27,7 мың адам немесе аудан халқының 78% газбен қамтылған. Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарына газ құбырын тарту жобасы әзірленіп жатыр. Бұл қамтуды 93% пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сараптама қорытындысы алынған соң, әкімдік қаржыландыруға өтінімді Энергетика министрлігіне жолдайды.
Аудандағы 33 елді мекеннің барлығы 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы саласында Үйдене су қоймасын қайта жаңғырту және Кендірлік өзенінде жаңа су қоймасын салуға дайындық жүргізілуде. Бұл 22 мың гектар егістік алқапты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 113 шақырым ішкі шаруашылық арналарының қалпына келтірілуі жобалануда.
Байланыс және интернетпен қамтамасыз ету бағытында да белсенді жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы Шілікті, Жалшы және Жанатұрмыс ауылдарында үш антенна-діңгек станциясы орнатылды. 16 мектепке Starlink спутниктік интернеті қосылды.
Республикалық тасжол бойында екі 45 метрлік антеннаның құрылысы жобалануда. Бұл — туристер мен ауыл тұрғындары үшін маңызды, жол бойындағы ұялы байланыс жоқтығы мәселесін шешуге бағытталған жоба.
Айта кетейік, Зайсан қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялау және жаңасын салу жоспарлануда. Бұл — ауылдарда типтік полигондардың болмауы мен жыл сайын жиналатын 6 мың тонна қоқыс мәселесін ескергенде маңызды қадам болып табылады.