Ұлы көшпенділер ойынымен сабақтасқан фестиваль — түркі елдерінің ортақ рухы қайта түлеген күн

Ұлы көшпенділер ойындарының табиғи рухымен сабақтасып жатқан рухани думан — «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі Катонқарағайдың қасиетті баурайында орын тепті. Бұл тек әрі өнер мерекесі, әрі күллі түркі жұртының бауырластығын бекемдейтін үлкен тағылым алаңы болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен туған жерге тағзымшыл демеуші азаматтар арқасында ұйымдастырылған ауқымды шарада Қазақстан мен шетелдің белгілі өнер жұлдыздары бір сахнада қауышты. Фестиваль төрінде Түркия, Саха, Қарақалпақстан, Тыва, Татарстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және басқа да түркі елдерінен келген өнерпаздар мен әйгілі «МузАрт» тобы, Қобыланды Болат, Құралай Мейрамбек, «Абырой», «Тұран» топтары, Әмре сынды отандық сахна саңлақтары ән мен жырдың шоғын маздатты.
Фестивальдің салтанатты шымылдығы — Берел қорғанынан табылған қасиетті Штандартпен ашылды. Көне дәуірдің шежіресіндей бұл киелі белгі түркі жұртының бірлігі мен ортақ рухын мәңгілік баяндайды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тарихи-мәдени-рухани шараның жаһандық өзегі мен жергілікті маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Нұрымбет Аманұлы Катонқарағай ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында да қыруар жұмыс қолға алынғанын атап өтті.
Бұл мәдени думан — ежелгі дәстүрдің жібін үзбей, ұлы дала көшпенділерінің ойыны мен бүгінгі өнер мерекесінің арасын жалғап тұрған алтын көпір.
Фото: Жібек Нұрахмет