Отанға оралу: “Із-түссіз жоғалған” жауынгер сүйегі туған жеріне жеткізіліп, жерленді

Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі барысында Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында ел жүрегін елжіреткен ерекше оқиға орын алды. Кезінде майдан даласынан хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Петр Оконечниковтың сүйегі туған жеріне оралып, туған топырағына тапсырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ол 1924 жылы бұрынғы Зырян ауданының Кутиха ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 19 жасында, 1943 жылдың 28 тамызында Солтүстік мұзды мұхит маңында әскери тапсырманы орындау үстінде апатқа ұшырап, із-түссіз жоғалғандардың тізімінде қалған еді. Бүгінге дейін отбасы оның тағдыры жайлы тек үміт пен күдік арасында өмір сүрді.
Алайда 2022 жылы Ресей қорғаныс министрлігі мен Ресей географиялық қоғамының бірлескен «Алсиб» әуе жолдарын зерттеу экспедициясы кезінде Эгвекинот ауылы маңынан апатқа ұшыраған «Дуглас Си-47» ұшағының қалдықтары мен ұшқыштың жеке заттары – карта, комсомол билеті, басқа да жәдігерлер табылды. Билеттегі жазудың қазақ тілінде болуы да тағдырдың таңбасындай әсер етті. Сол кезде табылған сүйек қалдықтары Петрдің мүрдесі екені дәлелденді.
Кейін «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Қазақстан Қорғаныс министрлігіне жауынгер сүйегін елге жеткізіп, қайта жерлеу туралы өтініш түсіп, бұл маңызды істің сәтті жүзеге асуына «Ата-баба үні» ұйымы мен Ресей тарапындағы ерікті іздеу жасақтары үлкен үлес қосты.
Алматыдағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өткен салтанатты рәсімде Оконечниковтың сүйегі туыстарына ресми түрде табысталды. Ал сәуірдің соңғы күні Алтай ауданында әкесінің қасына, туған жерге жерленді. Бұл ұзақ күткен әділеттіліктің орнауы, майдангер рухының туған топыраққа оралуы болды.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова бұл оқиғаның маңызы ерекше екендігін атап өтті:
Айта кетейік, сол күні тағы бір майдангер – Абай облысы, бұрынғы Семей өңіріндегі «Өрнек» колхозынан соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен Оразғали Белубаевтың сүйегі де туған жеріне қайтарылды. Ол – 1907 жылы туған жауынгер.
Осылайша, бір күнде екі батыр, екі тағдыр туған елмен қайта қауышты. Бұл Ұлы Жеңіс рухының мәңгілік екенін дәлелдейтін, жүректі елжіретіп, жанды тебірентетін тарихи сәт болды.