ШҚО полицейлері жоғалған екі азаматты іздеуді жалғастырып жатыр

Өскемен 2-05-2025, 10:43

Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды табу үшін ауқымды іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Іздеу Риддер қаласы мен Алтай өңіріне жақын жерлерде белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Құқық қорғау органдары елдімекендерді ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы орманды алқаптарды, таулы аумақтарды, өзен жағаларын, ескі ғимараттар мен саяжай учаскелерін түгел тексеріп жатыр. Іздеу жұмыстарына дрондар, қызметтік иттер тартылған. Сонымен бірге, еріктілер, құтқарушылар мен әскери қызметкерлер де жұмылдырылған.

ШҚО Полиция департаменті бұл жұмысқа жан-жақты күш салынып жатқанын атап өтті.

"Біз тек қалаларда ғана емес, орман, сай-сала, өзен бойы сияқты табиғи аумақтарды да түгел шолып жатырмыз. Әрбір куәгердің мәліметі біз үшін маңызды. Иван Ушаков немесе Александр Воробьёвті көрген, не олардың қайда болуы мүмкін екенін білетін азаматтар 102 нөміріне бірден хабарласуын сұраймыз. Кез келген ақпарат маңызды болуы мүмкін," – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта іздестіріліп жатқан азаматтардың бірі – 1982 жылы туған Иван Ушаков. Ол 14 наурыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында үйінен шығып кетіп, содан бері оралмаған. Жақындарының айтуынша, жоғалған күні оның үстінде қара күртеше, қою сұр бас киім, сұр шалбар және қара кроссовка болған. Бойы шамамен 180 см, арық денелі, шашы мен сақалы қызыл-қоңыр түсті, көзі ашық жасыл.

Екінші іздестіріліп жатқан адам – Александр Воробьёв. Ол 2024 жылдың 9 қарашасында үйінен шығып, сол күйі қайтып келмеген. Үстінде қара күртеше, камуфляж шалбар, жасыл резеңке етік және қара бас киім болған.

Құқық қорғау органдары іздеу жұмысына белсенді қатысып жатқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, жоғалған жандарды табу үшін күш біріктіруге шақырады.


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар