ШҚО-дағы Күршім көпірінің маңайында демалыс саябағы салынады

2024 жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталған болатын. Бұл нысан Бұқтырма су қоймасының екі жағалауын жалғап, алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан өңірлерін бір-бірімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Boritimes.kz сілтеме жасап.
Енді көпір маңындағы жағалауды абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековтің айтуынша, Бұқтырма су қоймасының жағалауында 8 гектарды қамтитын жаңа демалыс паркі салынады.
Аталған демалыс аумағы көпір маңында орналасады. Қазіргі уақытта құрылыс барысында пайдаланылған уақытша нысандарды бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Парк жобасы толық әзір. Абаттандыру жұмыстары 2026 жылы басталады.
Жаңа саябақ аумағында киіз үй тігілмек, сондай-ақ сауда нүктелері ашылып, туристерге қызмет көрсету түрлері дамытылады. Бұдан бөлек, су қоймасына балық жіберу және балық аулау құралдарын жалға беру де қарастырылып отыр.
Ең басты жаңалықтың бірі – парк аумағында жұлдыздарды бақылауға арналған арнайы алаң – астроалаң құрылмақ. Бұл жоба аясында астротуризм бағыты дамытылып, демалушыларға ерекше түнгі аспанды бақылау ұсынылады.
Күршім ауданы әкімдігі бұл жобаның тапсырыс берушісі болады. Қазір қаржыландыру көздері қарастырылуда.
Айта кетейік, көпір құрылысы ұзақ жылдар бойы шешілмей келген көлік қатынасы мәселесін толықтай шешіп, облыстың алты ауданын тұрақты байланыстырып отыр. Сонымен қатар бұл стратегиялық нысан – облыстың көршілес елдермен логистикалық, экономикалық байланысын нығайтуға үлкен үлес қосады.