Орман ішінде орын тепкен «Айгерім»: Риддерде жаңарған саябақ ашылды - ШҚО

Өскемен 31-05-2025, 11:40

Риддерліктер «Матрёнин Соколок» тауының етегінде орын теуіп, қылқан жапырақты ағаштармен көмкерілген жерде серуендегенді ерекше ұнатады. Осыны ескере келе, бұрынғы саябақ көлемін кеңейтіп, демалыс аймағын жаңарту жобасы әзірленген болатын. Осыған демеушілік жасаған кәсіпкер есебінен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, «Айгерім» саябағы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.

Салтанатты жиынға жергілікті атқарушы билік өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.

– Жаңа саябақ қаламыздың көркін аша түседі. Сонымен қоса, экологияны жақсартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Бұдан былай табиғаты тамылжыған демалыс орны ересектер мен балалардың бос уақытын жақсы өткізуге мүмкіндік береді. Игі бастаманың басы-қасында жүрген азаматтардың барлығына алғыс айтамын, – деді қала әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан.

Осыдан біраз уақыт бұрын жеке кәсіпкер Наталья Загидуллина «Айгерім» саябағын сенімгерлік басқаруға алған болатын. Қала әкімдігімен жасасқан келісімшарт негізінде ендігәрі ол аталған демалыс орнын күтіп-баптауға жауапты. Кәсіпкердің айтуынша, бұл күнде шамамен 10 000 шаршы метрден асатын аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осылайша саябақ түрленіп, жаңа кейіпке енген.

– Бүгінде электр желісі тартылып, саябақтың іші толығымен тазартылды. Орындықтар сырланып, беседкалар, урналар тиісті аумаққа орналастырылды. Жарықшамдар орнатылды. Сонымен қоса, балаларға арналған батуттар, паровоз бен машиналар әкелінді. Футбол алаңы бар. Тәтті мақта, балмұздақ пен шырын сататын сауда орындары ашылды. Жақын арада тағы да түрлі аттракциондар мен тир іске қосылмақ. Бұдан бөлек, лазерлік және отты фаер-шоуларды ұйымдастыру ойда бар, – деп Наталья Загидуллина алдағы жоспарларымен бөлісті.

Осы қалада он үш жылдан астам уақыт бойы тұрып келе жатқан Жадыра Қайсанова отбасымен демалып, серуендеуге арналған осындай орындар қала ішінде ғана емес, шеткері аумақтарда да көптеп ашылса екен дейді. Сонымен қатар, саябаққа келушілер мұндағы жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап, гүл өсіретін алаңдарды көбейтумен қоса, қоғамдық дәретханалар жасап беруді сұрап отыр.

Кеншілер қаласындағы «Айгерім» саябағының ашылу салтанаты ары қарай мерекелік концертке ұласты. Жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді.


Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар