Жартастар естелік қалдыратын жер емес: ұлттық парк граффити салмауды өтінді

Шығыс Қазақстан / Өскемен 18-06-2025, 15:32

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінің өкілдері туристер мен тұрғындарды табиғи мұраға ұқыпты қарауға шақырды. Себебі соңғы жылдары кейбір жартастар мен тастарға аэрозоль бояумен жазылған жазулар көбейіп барады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аршаты ауылы маңындағы Өрел ауылдық округінде орналасқан бір жартасқа «Дембель тасы» деген бейресми атау берілген. Бұл жерде әскерден оралған сарбаздар аты-жөндерін жазып қалдыруды әдетке айналдырған.

– Катонқарағай аумағындағы кейбір тастарда қалалар атауы мен адамдардың есімдері жазылған. Әскерге барып келу – құрметті іс. Алайда мұндай естелік табиғатқа зиян келтірмеуі керек, – дейді ұлттық парк қызметкерлері.

Осындай тағы бір зақымдалған жартас республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан. Бұл жол Рахман қайнарына апарады. Мұнда да туристер түрлі жазулар мен суреттер қалдырып кеткен.

– Аэрозоль бояуларында тастың табиғи құрылымын бұзатын химиялық қоспалар бар. Бұл жерлерде мүк пен қына өседі – бояу сол өсімдіктерге зиян келтіреді. Табиғаттың келбетін бұзатын мұндай әрекеттер вандализмге жатады. «Бәрі жазып жатыр екен, мен де жазайын» деген түсінік қауіпті.
Табиғаттың өзі жасаған сұлулықты ешбір сурет көркейте алмайды, – делінген ұлттық парктің мәлімдемесінде.

Экологтар мен табиғат қорғаушылары осындай жайттар қайталанбауы үшін жұртшылықты жауапкершілікке шақырады.

Елизавета Седых

Фото: Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар