Қазақстан шетелдік туристер үшін қауіпсіз орта қалыптастырып жатыр

Қазақстанға шетелдік туристердің келуін жеңілдетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі жаңа бастамаларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру аясында құзырлы орган бірқатар маңызды бастамаларды іске асырды.
Атап айтқанда, шетелдік туристердің келу және тұру рәсімдерін жеңілдету үшін онлайн-хабарлама жүйесі енгізілді. Енді туристің келгені туралы ақпаратты қабылдаушы тарап онлайн түрде береді. Бұл жаңашылдық шетелдіктерді полицияға барып тіркелу қажеттілігінен толық босатып, бюрократиялық кедергілерді айтарлықтай азайтты.
Сонымен қатар елдің ірі әуежайларында QR-коды бар туристік карталар таратылады. Бұл кодтар SafeTravel.kz мультитілді электронды порталына апарады. Онда шетелдіктерге қажет барлық ақпарат пен ұсыныстар жинақталған. Порталда «102» қосымшасы арқылы полициямен жылдам байланысқа шығуға мүмкіндік беретін «SOS» функциясы бар мобильді қосымшалар, көші-қон заңнамасын сақтау бойынша жадынама, орналасқан қалалардың карталары, ресми такси қызметтері мен онлайн-сервистердің тізімі, жедел қызметтердің байланыс нөмірлері (жедел жәрдем, өрт сөндіру, құтқару қызметі) ұсынылған.
Туристік аймақтарда құқықтық тәртіпті сақтау үшін туристік полицияның арнайы бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл бөлімшелердің қызметкерлері шет тілдерін меңгерген, туристік нысандар мен ұлттық парктерде қызмет атқарады және шетелдік қонақтарға кеңес беріп, көмек көрсетеді. Туристік орындарда бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары орнатылған, бұл төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігі заңсыз жолаушы тасымалына жол бермеуге ерекше назар аударып отыр. Бұл бағытта тұрақты түрде жедел-алдын алу шаралары жүргізіліп, транзиттік жүргізушілерге қолдау көрсетіледі.
Туризм нысандарындағы қауіпсіздікті кешенді қамтамасыз етуде ІІМ-нің Мәдениет және ақпарат министрлігімен туроператорлардың адалдығын бақылау, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен туристік бағыттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.
Осылайша, Қазақстан шетелдік қонақтар үшін барынша жайлы, қауіпсіз және ашық орта қалыптастыру бағытында нақты қадамдар жасап жатыр. Қазіргі кезде іске асырылып жатқан жаңа шаралар еліміздің халықаралық туризм үшін қонақжай және қауіпсіз бағыт ретіндегі беделін арттыруға бағытталған.
Фото: polisia.kz
Дамир Омаров