ШҚО-ның туристік аймақтарын полицейлер патрульдейтін болады

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыстың салалық мекемелеріне өңірімізге келген туристердің жайлы және қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында туристердің қауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Осыған орай, ШҚО Полиция департаменті қоғам белсенділерімен және еріктілермен бірлесіп, туристік аймақтарда полиция жасағының тұрақты қатысуын қамтамасыз ететін патрульдік бағыттарды әзірледі.
Сонымен қатар құрамында патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және ШҚО ТЖД қызметкерлері бар мобильді топтар рейдтік іс-шаралар жүргізетін болады. Бұл топтар әкімшілік заңнаманың орындалуын, судағы қауіпсіздік ережелері мен санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайды. Демалыс және мереке күндері олардың жұмысы күшейтіледі.
Барлық патрульдік автокөліктер қажетті құтқару құралдарымен жабдықталған.
Фото: Махаббат Ахметжанова