Мемлекеттік сатып алу: келісімшарттардың көлемі 5 трлн теңгеге ұлғайған

Жаңалықтар 5-06-2025, 18:02

Үкімет отырысында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның алғашқы нәтижелері талқыланды. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, биылғы бес айда мемлекеттік келісімшарттардың рекордтық көлемі тіркелген – жалпы сомасы 5 трлн теңгеге 845 мың келісімшарт жасалған. Былтыр осы кезеңде 2,4 трлн теңгеге 660 мың келісімшарт рәсімделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, ұлттық режимнен алып тастау тетігі едәуір кеңейтілді. Бұл шетелдік өндірушілердің мемлекеттік сатып алудың белгілі бір санаттарына қатысуын шектеді. Аталған шара өзінің тиімділігін көрсетіп, отандық тауарлардың сатып алу жүйесіндегі үлесін арттыруға және жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік берді.

Заңда Қаржы министрлігі бекіткен тізім, көлем және қағидаларға сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілерінен сатып алудың басым тәртібі қарастырылған. Бұл шешім ШОБ субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысуын арттыруға, сондай-ақ отандық шағын және орта кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етіп, олардың орнықты дамуына жол ашуға бағытталған. Осы арқылы елімізде кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтуды дамытуға қосымша жағдайлар жасалып отыр.

Сонымен қатар оффтейк-келісімшарттарды бір көзден сатып алу тәсілімен жасасу практикасы жоспарлы түрде енгізілуде. Бұл тәсіл, әсіресе, өнімді сатудың ұзақмерзімді кепілдігін қажет ететін кәсіпорындар үшін аса маңызды. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстармен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары да жалғасуда.

Қосымша ретінде отандық өндірушілер үшін 3 пайыздық шартты жеңілдік енгізу, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіміне қосу процесін автоматтандыру көзделіп отыр. Бұл шаралар әкімшілік жүктемені азайтып, рәсімдерді жеңілдетуге және отандық бизнес үшін сатып алу жүйесінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу үшін өндірушілерді отандық тауар өндірушілер тізіміне енгізу процесі толық автоматтандырылды. Бұл тізімді өнеркәсіп саласында пайдалану 2025 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жалпы алғанда, мемлекеттік сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдау мен тауар өндірушілер тізімін автоматтандыру жұмыстары жалғасатын болады, – деді Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.

Жаңа заң Қазақстандағы өндірушілер мен кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу процестеріне қатысу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді игеруге оң әсер етуде.

Цифрландыру мен ынталандыру тетіктерін енгізу арқылы мемлекеттік сатып алу процесі жергілікті бизнесті дамыту мен жұмыспен қамтуға, сондай-ақ елдегі өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға бағытталған пәрменді құралға айналды.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар