Ескі қабырғаларға жаңа өмір: Өскеменде бұрынғы №1 қалалық аурухана ауқымды түрде жаңғыртылуда Қырық жылдан аса жөндеу көрмеген бұрынғы №1 қалалық аурухананың орнында бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы (ШҚО ММО) ау

Өскемен 4-06-2025, 11:13

  

Ескі қабырғаларға жаңа өмір: Өскеменде бұрынғы №1 қалалық аурухана ауқымды түрде жаңғыртылуда
 
Қырық жылдан аса жөндеу көрмеген бұрынғы №1 қалалық аурухананың орнында бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы (ШҚО ММО) ауқымды қайта құрудан өтуде. Бұл шешім 2024 жылы облыс әкімінің тікелей араласуымен қабылданды.
 
Орталық бұрыннан тар, кеңестік үлгідегі палаталары мен ескірген жабдықтары үшін жиі сынға ұшырайтын. Қазір желдету жүйесінен бастап, шақыру батырмаларына дейін барлығы жаңартылып жатыр. Гинекология бөлімі «Казцинк» компаниясының қолдауымен жөнделуде.
 
– Жөндеу жұмыстары былтырғы мамырда облыс әкімі мекемеге арнайы келіп, жағдаймен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін ғана басталды. Содан соң электр жүйесін, желдетуді және инженерлік коммуникацияларды ауыстыруға қаражат бөлінді. Қазір «Қазцинк» компаниясының қолдауымен гинекология бөлімі жөнделіп жатыр. Екі аптадан кейін пациенттер жаңа палаталарға көшеді. Сонымен қатар аурухана аумағы да абаттандырылып жатыр. Жалпы, барлық бөлімшелер кезең-кезеңімен жаңартылады, – дейді ШҚО ММО бас дәрігері Шолпан Макашева.
 
Жөндеу ұзақтығы – 8 ай, аяқталуы – 2026 жыл. Қазірдің өзінде желдету жүйесі мен палата ішіндегі санитарлық тораптардың 90%-ы аяқталған.
 
– Ғимараттың ескі желдету жүйесі толық ауыстырылды. Бұрын ауа айналымы дұрыс болмаған. Енді палаталарға дәретханалар  орнаттық – бұл науқастарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін қажет болды. Бұл жұмыстар 90% аяқталды, 30 маусымға дейін толық тапсырылады, – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Амангелді Сембинов.
 
Қабылдау бөліміне күніне 200-ге жуық адам жүгінеді. Қазіргі 350 ш.м. бөлме санитарлық талаптарға сай емес. Енді жеке инвестиция есебінен (1 млрд теңгеден астам) «BB Nura» ЖШС қолдауымен 1000 ш.м. жаңа қабылдау-диагностикалық және нефрология бөлімдері бар ғимарат салынады.
 
Тұрғындар уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап отыр. Осылайша, жылдар бойы күткен жаңғырту шындыққа айналды. Енді бұл мекеме тек сырттай емес, мазмұндық тұрғыдан да жаңарып, заманға сай медициналық орталыққа айналуда.
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар