Түрмеге телефон кіргізбек болған ер адам ұсталды

Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесіне ұялы телефонды алып өтпек болған ер азамат ұсталды. Жазасын өтеушінің танысы айлаға барып, шай қорабының ішіне смартфон мен SIM-карта жасырып, түрмеге кіргізбек болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда Ұлттық ұланның сәлем-сауқат бөлмесінің бақылаушы қызметкері мен түзеу мекемесінің мамандарының қырағылығы арқасында азаматтың жымысқы әрекеті жүзеге асқан жоқ.
Түзеу мекемесінің сәлем-сауқат бөлмесінде ұсталған Өскемен қаласының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тыйым салынған зат әкелушіге қарсы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігі бойынша құжаттар жиналып, сотқа жолданды.
Еске салайық, аталмыш түзеу мекемесіне байланыс құралын өткізу әрекеті ағымдағы жылдың алғашқы фактісі болып тіркеліп отыр.