Сарбаз денсаулығы - бақылауда. Шығыстағы әскери дәрігерлер қалай жұмыс істейді?

Шығыстағы әскери бөлімдерде сарбаздардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты медицина басқармасының әскери дәрігерлері күн сайын жауынгерлердің денсаулық жағдайын қадағалап, түрлі алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Медицина басқармасының мамандарының айтуынша, бүгінде сарбаздардың жағдайын бақылау ісінде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылады. Соның ішінде «Damumed» ақпараттық жүйесі арқылы әрбір әскери қызметшінің денсаулық картасы бақыланып отырады. Бұл – қандай да бір сырқаттың ерте кезеңде анықталуына мүмкіндік береді.
Басқармада 30 дәрігер мен 77 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Құрамында 6 медициналық пункт пен бір лазарет бар. Сонымен қатар заманауи үлгідегі жеті санитарлық автокөлікпен жабдықталған.
Әскери медицина саласының мамандары тек алғашқы көмек көрсетумен шектелмейді. Олар амбулаториялық, емханалық және стационарлық медициналық көмек түрлерін де ұсынады. Мұның барлығы – сарбаздардың денсаулығын ұзақ мерзім бойы сақтау және олардың әскери дайындық деңгейін жоғары ұстап тұру үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыс.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі