Сарбаздар мейірімін сезінген сәт

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімі Өскемен қаласындағы балаларға ерекше сый жасады. «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін әскери бөлім ашық есік күнін ұйымдастырып, оларды нағыз жауынгерлік рухқа бөледі.
Тағылымы терең шараның басты мақсаты – жас өрендердің бойына патриоттық сезім ұялату, ел тыныштығын күзетудің әрбір азаматтың абыройлы борышы екенін ұғындыру болды.
Күн шуағына шомылған сап алаңында бүлдіршіндерге арнап заманауи әскери қару-жарақтар мен киім үлгілерінің көрмесі ұсынылды. Балалар әскери техникаларға қызыға қарап, қару түрлерін тамашалап қана қоймай, сарбаз формасын киіп көру мүмкіндігіне де ие болды. Батырлыққа бастар жолға таңданыспен қараған жеткіншектер «ертең шекараны біз қорғаймыз» деп, болашаққа сеніммен көз тастады.
Қонақтар әскери казарманың ішін аралап, сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысты. Асханадағы дәмді түскі асты бірге ішіп, әскери мәзірдегі нағыз жауынгер ботқасынан дәм татты.
Бұл – бір күндік кездесу емес, өмірге азық болар тәлім мен жігер сыйлаған тағылымды жүздесу болды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі