Өскеменде 340 зейнеткерге арналған орталық жұмыс істеп тұр

Өскеменде зейнет жасындағы азаматтардың өмірін қызықты әрі пайдалы ететін жаңа орын жұмыс істеп тұр. Биылғы 18 наурызда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен қалада «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылған болатын. Қазір бұл жер зейнеткерлердің сүйікті мекеніне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде орталыққа 340-қа жуық зейнеткер тұрақты түрде келіп тұрады. Олар мұнда бос уақытын тек қызықты ғана емес, тиімді өткізеді. Йога мен емдік дене шынықтырудан бастап, шахмат, дойбы, тігін және арт-терапия, ағаш өрнектеу мен киіз басу сияқты үйірмелерге қатысады. Орталықта әркім өз қалауына қарай іс табады.
Зейнеткерлердің айтуынша, мұнда тек дене мен ойды сергітіп қана қоймай, жаңа достар тауып, ортаға үйренуге де мүмкіндік бар.
Аталған жоба – егде жастағы адамдарға қолдау көрсетудің нақты үлгісі. Жай ғана клуб емес, бұл – жан сергітетін, достар табуға жол ашатын, белсенді өмірге шабыт беретін орта.
Жайна Сыранова
Фото/видео автордан