1 маусымнан бастап Өскемен қаласындағы «Өскемен Водоканал» кәсіпорнының Чехов көшесі, 70 мекенжайында орналасқан тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы өз жұмысын тоқтатты. Орталықтың не себепті жабылғаны және енді тұтынушылар төлемді қайда жүргізе алатыны жөнінде біздің Altainews.kz тілшісі анықтады.
Абоненттік бөлімнің меңгерушісі Ирина Миускованың айтуынша, «Өскемен Водоканал» қалалық тұтынушыларға екі мекенжайда қызмет көрсетіп келген: Чехов көшесі, 70 және Қазыбек би көшесі, ½. Алайда 1 маусымнан бастап Чехов көшесіндегі бөлім жабылды.
– Бұл бөлімді жабуға мәжбүр болдық. Себебі ғимараттың иесі – «Біріккен ЭнергоСервистік компаниясы» АҚ қызмет аясын кеңейтуіне байланысты бөлмелерді босатуымызды сұрады. Бізге бір ай бұрын ресми түрде ескерту жасалды. Сол уақыттан бері жаңа орын іздеуге тырыстық. Жақын маңнан электр және жылу қызметтеріне де төлем жасауға болатын ыңғайлы орын қажет еді. Алайда өкінішке қарай, ондай жер табылмады. Үш түрлі мекенжайды қарастырдық, бірақ жалға берушілер келушілердің көптігін ескеріп, бас тартты. Біз бұл бөлімде күніне 50-70 адамға қызмет көрсететінбіз, – деді Ирина Миускова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта төлемдер кәсіпорынның басқару ғимаратында – Пограничная көшесі, 59 мекенжайында қабылдануда. Мұнда бұрыннан касса жұмыс істейді, тұтынушылар төлемді комиссиясыз осы жерден төлей алады.
– Сонымен қатар, төлем жасаудың балама жолдары да бар. Екінші деңгейлі банктер мен Kaspi қосымшасы арқылы да төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Дегенмен кейбір азаматтар онлайн төлемдерге сенімсіздікпен қарап, әлі де болса касса арқылы төлеуді қалайды, – деп толықтырды абоненттік бөлім басшысы.
Жаңа кеңсе іздестірілуде
Кәсіпорын директорының қаржы жөніндегі орынбасары Әсел Серікқызы жаңа кеңсе іздеу жұмыстары туралы айтып берді.
– Біз Өскемен қаласының қаржы бөліміне де жүгіндік. Коммуналдық меншіктегі бос ғимараттар болса, қолдау көрсетуді сұрадық. Тұтынушылар үшін ыңғайлы болу мақсатында Чехов және Максим Горький көшелері аумағынан, яғни қаланың орталық бөлігінен орын іздеудеміз. Жақын маңда өзге де коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің орналасуы тұрғындар үшін қолайлы болар еді. Сонымен қатар, кейбір ғимараттарда баспалдақтар тым биік, бұл – егде жастағы адамдарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайсыз. Кейбір ғимараттарға пандус орнатуға да мүмкіндік жоқ, – деді Әсел Серікқызы.
Оның айтуынша, жаз мезгілінде келушілер саны азаяды – көпшілік демалысқа кетеді немесе саяжайларда болады. Осы кезеңде кәсіпорын жаңа кеңсені табуға тырыспақ.
– Біз ұзақ мерзімді жалға алу нұсқасын қарастырып жатырмыз. Чехов көшесінде екі жыл отырдық. Алайда «Біріккен ЭнергоСервистік компаниясы» АҚ өз кеңселерін кеңейтетініне байланысты бізден бөлмені босатуды сұрады. Қалай болғанда да, біз қала тұрғындарына ыңғайлы жерде қызмет көрсету бөлімін ашуды көздеп отырмыз. Жаңа ғимарат табылған жағдайда тұтынушыларды міндетті түрде хабардар етеміз, – деп қорытындылады ол.