Шығыста шығармашылық кәсіпке жол ашық

Қазақстан экономикалық өсімнің жаңа бағытына – табиғи ресурстардан емес, идея мен шығармашылыққа негізделген креативті индустрияға бет бұрды. Бұл бағыт бүгінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Креативті экономика – бұл мәдениет, өнер, дизайн, IT, медиа, сәулет, анимация, ойын индустриясы, жарнама мен қолөнер сынды салаларды біріктіретін кең ауқымды ұғым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұл саланың ел болашағы үшін стратегиялық маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.
Елімізде креативті индустриямен айналысатын субъектілердің саны бүгінде 45 мыңнан асып, бұл салада 143 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Саланы дамыту үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау шаралары қарастырылған: 40 түрлі қызмет түріне салықтық жеңілдіктер енгізіліп, кәсіпкерлер тек 2–8% мөлшерінде бірыңғай салық төлейді.
Шығыс Қазақстан облысы да креативті экономикадан шет қалмай, бұл бағытта белсенді дамып келеді. Өскемен қаласында ашылған креативті хаб шығармашыл жастар мен кәсіпкерлер үшін нағыз қолдау алаңына айналды. Мұнда дизайнерлер, IT мамандар, суретшілер мен қолөнершілер өз идеяларын іске асырып, жаңа жобалар әзірлеуде.
Сәуір айында Өскемендегі облыстық филармонияда өткен Shygys Creative Hub форумы – өңірдің шығармашылық әлеуетін көрсеткен маңызды оқиға. Форумға мәдениет, білім, IT, сән және медиа саласындағы түрлі буын өкілдері қатысты.
Министрліктің дерегінше, қолөнер – креативті индустриядағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі. Бұл салада елімізде 12 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. ШҚО-да да креативті кәсіпкерлік өзін-өзі жұмыспен қамтудың, өнім экспорттаудың және экономикалық белсенділікті арттырудың тиімді құралына айналып келеді.
2024 жылы Мемлекет басшысы «Креативті индустрияларды дамыту туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат креативті саланы қолдауға арналған мемлекеттік басқару жүйесін жүйелеуге және кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, креативті индустрияларды дамыту қорына лотерея билеттерінен түскен қаржының 3%-ы тұрақты түрде бөлініп отырады. Осы мақсатта Бюджет кодексіне де өзгерістер енгізілген.
Қазақстан 2024 жылғы Global Innovation Index рейтингінде «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткіші бойынша бірден 28 сатыға көтеріліп, 93-орыннан 65-орынға жайғасты. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі.