Креативке жол ашық: өңірлік мамандар Астанада білім алуда

Астанада еліміздің барлық өңірлерінен келген әкімдік өкілдері креативті индустрияны дамыту жолдарын үйреніп жатыр. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырған арнайы оқыту жобасы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Креативті Қазақстан» деп аталған бағдарлама ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатыр. Оған еліміздің 20 өңірінен келген мамандар қатысуда. Олар – өз өңірлерінде шығармашылық, өнер, мәдениет салаларын дамытумен айналысатын басқарма басшылары.
Оқу басталарда вице-министр Евгений Кочетов, БҰҰ өкілі Сухроб Ходжиматов және Академия ректоры Азамат Жолманов сөз сөйлеп, креативті индустрия тек мәдениетпен ғана шектелмей, өңірлердің экономикалық дамуына да үлес қосатынын айтты.
Үш күнге созылатын оқуда қатысушылар түрлі пайдалы тақырыптарды талқылайды. Мысалы, заңнаманы жетілдіру, мәдени кәсіпкерлерді қолдау жолдары, креативті хабтар құру, халықаралық тәжірибе, инвестиция тарту және басқа да маңызды мәселелер қаралады.
Сондай-ақ оқуға келгендерге арнап жобалармен жұмыс істеу, тренингтер, тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылған.
Бұл оқыту — БҰҰ-ның Қазақстандағы жұмысының бір бөлігі. Мақсат – креативті экономиканы дамыту арқылы елдің де, аймақтардың да тұрақты дамуына жол ашу.