Мемлекеттік басқару академиясы 2025 жылғы қабылдау науқанын бастады

Өскемен / Білім 23-04-2025, 09:55

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025 жылғы 1 сәуірден бастап құжаттар қабылдау басталды. Өтініштер онлайн форматта «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы 25 маусымға дейін қабылданады. Бұл туралы
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының директоры Жанар Буканова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді. 

Академия биыл 12 білім беру бағдарламасы бойынша үміткерлерді оқуға қабылдайды. Оның ішінде 9 магистратура және 3 докторантура бағдарламасы бар. Магистратураға 120, ал докторантураға 12 мемлекеттік білім гранты бөлінген.

Биылғы қабылдау науқанының басты жаңалығы – «Цифрлық мемлекеттік басқару» (MDPA) атты жаңа магистратура бағдарламасының ашылуы. Бұл бағдарлама цифрлық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны басқаруға бағытталған.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді магистратура бағдарламаларына түсу үшін үміткердің мемлекеттік қызметте кемінде 3 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс. Ал «Мемлекеттік басқару» (MPA) бағдарламасына – 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» (MPP) бағдарламасына – 4 жыл еңбек өтілі қажет.

Ақылы бөлімге қабылдану ережелері де нақтыланды. Енді тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері де оқи алады.

Үміткерлер бірнеше кезеңнен өтеді: 28 маусым мен 1 шілде аралығында – аналитикалық эссе жазу (онлайн), 8–23 шілде аралығында – офлайн сұхбат. Аралық нәтижелер 25 шілдеде жарияланады. Құжаттарды рәсімдеу және келісімшартқа отыру мерзімі – 7 тамызға дейін. Оқу процесі дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады.

Қабылдау ережелері туралы толық ақпарат Академияның ресми сайтында – apa.kz, сондай-ақ әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған. Қосымша ақпаратты Қабылдау комиссиясынан немесе Академия филиалдарынан алуға болады.

Академия – бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді дамуына үлес қосқысы келетін, кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылатын мамандар үшін бірегей алаң.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар