"Ауыл – ел бесігі": биыл 176,4 млрд теңгенің мың жобасы іске асуда

Биыл еліміздегі 500 ауылдық елді мекенде "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде мыңға жуық жоба іске асырылмақ. Осы мақсатта 2025 жылға арналған бюджеттен 176,4 млрд теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға — инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, негізгі қызметтерге қол жеткізуді арттыруға, өмір сүруге қолайлы орта құруға арналып отыр.
2019-2024 жылдары ауылды дамытуға 524 млрд теңге бөлінді. 2,6 мың тірек және спутниктік ауылда 6,6 мыңнан астам жоба орындалды.
Осының арқасында 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, мектеп, медициналық пункт пен мәдениет үйі сияқты 2,1 мың әлеуметтік нысан, 3 мыңнан аса кентішілік жол салынып, жөнделген.