Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы басталды
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өз жұмысын бастады. Биыл бұл маңызды қоғамдық институттың құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өз жұмысын бастады. Биыл бұл маңызды қоғамдық институттың құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз байланысты. Ұйым 1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ал 2007 жылы оған конституциялық мәртебе берілді. Президент өз сөзінде Ассамблеяның жаңа дәуірдегі қызметіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бұл құрылым қоғам мен мемлекетті байланыстыратын маңызды көпірге айналған. Мәселен, Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Сенатқа бес депутат тағайындалады, бұл этностардың мүддесін заңнамалық деңгейде қорғауға жол ашты. Сонымен қатар, алғаш рет палатааралық «Бір ел – бір мүдде» депутаттар тобы құрылып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың рөліне де айрықша тоқталды. «Ассамблея жастары» қозғалысы, Студенттік Ассамблея мен «Жаңа толқын» жобасы мыңдаған жасқа азаматтық тәрбие мен отансүйгіштік үлгісін көрсетіп келеді. Ал этномедиция институты этносаралық жанжалдардың алдын алуға сеп болып отыр.
Президент сондай-ақ ғылыми-сарапшылық құрамның деңгейі артқанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда 42 кафедра мен Ғылыми-сарапшылар кеңесі аясында 360-тан астам сарапшы этносаралық қарым-қатынастарды зерттеумен айналысып жатыр.