ШҚО Драма театрында Иран-Ғайыптың “Алтын ажалы” сахналанбақ

Өскемен 9-06-2025, 11:08

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) шығармашылық сапармен Өскеменге келді. Бұл сапардың жөні бөлек: маусымның 21-і күні Шығыс Қазақстан облыстық музыкалық-драма театры қаламгердің “Алтын ажал” атты драмалық дастанын тұңғыш рет сахнаға шығармақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Әсем табиғатын бала күнімнен көруді армандаған Алтай еліне осы жолы үлкен шығармашылық мақсатпен келіп отырмын. «Алтын ажал» драмам тұңғыш рет осы театрда қойылмақ. Сондықтан дайындық барысын өз көзіммен көріп, режиссерлік және актерлік топпен шығармашылық үндестікте жұмыс істесем деген ниетпен келдім, – дейді драматург.

Қазақ театр сахналарында отыздан астам шығармасы қойылған қаламгер үшін бұл оқиғаның орны ерекше. Себебі жаңа туындының сахнаға жол тартуы – драматургтің ғана емес, тұтас бір өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры репертуарын байытып, отандық драматургияға басымдық беріп келеді. Жаңа қойылым – соның айқын дәлелі. Бұл тек көркем өнер емес, бүгінгі қоғамға ой тастайтын, ұлттық санаға сәуле құятын дүние болмақ.

Өскеменге арнайы келген Иран-Ғайып сапары аясында Катонқарағай ауданына да барып, көзі тірісінде жезде деп құрметтеген Қалихан Ысқақ, іні тұтқан Дидахмет Әшімханұлы сияқты сөз зергерлерінің туған топырағына тағзым етпек.

Саналы ғұмырын қазақ сөз өнеріне арнаған, поэзия мен драматургияны қатар өрбіткен қаламгердің бұл сапары – Шығыстағы мәдени тыныстың кеңіп, театр әлемінің жаңа белеске көтерілгенін айғақтайды.


Фото: egemen.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар