Нариман Құрбанов — Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы

Спорт 8-06-2025, 10:54

Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық Нариман Құрбанов алтын медаль жеңіп алып, ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салды. Бұл – Нариманның Азия біріншілігіндегі үшінші жеңісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Спорт және дене шынықтыру комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Сайтта жарияланғандай, жарыс барысында спортшы жоғары шеберлігін, техникалық нақтылығын және сенімділігін паш етті. Азияның үздік гимнастика мектептерінен шыққан қарсыластарын артта қалдырған Нариман  Қазақстан туын биік тұғырда желбіретті.

Бұл жеңіс — оның халықаралық ареналардағы тұрақты табыстарының заңды жалғасы. Нариман Құрбанов — спорттық гимнастикадан Қазақстан тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Бұған дейін ол 2019 және 2022 жылдары Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, әлем кубогі кезеңдерінде де бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген.

Ең басты жетістігі — 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы күміс медалі. Ол ат снаряды жаттығуында 15.433 ұпаймен екінші орын алып, Қазақстан гимнастика тарихында алғаш рет Олимпиада жүлдегері атанды. Бұл тарихи нәтиже Нариманның есімін мәңгілікке ел спортының шежіресіне жазды.

Нариманның жеңісі — тек жеке жетістік емес, ол бүкіл қазақстандық гимнастика мектебінің өсіп-жетілгенін білдіретін маңызды белес. Жанкүйерлер енді одан алдағы әлем чемпионаттары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарынан да үлкен үміт күтеді.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар