ШҚО-да халық игілігіне 7 жаңа жоба жүзеге асуда

Шығыс Қазақстанда қайтарылған заңсыз активтер енді халықтың игілігіне жұмсалуда. Президенттің тапсырмасына сай, ел бойынша 333 әлеуметтік нысан салу жоспарланған. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 7 жоба қолға алынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда:
Өскеменде гематология орталығы салынып жатыр;
Риддер қаласында жаңа аурухана кешені бой көтеруде;
Шемонаиха ауданының Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория салынады;
Ұлан ауданының Асубұлақ кенті, Отрадное және Бозанбай ауылдары, сондай-ақ Шемонаиха ауданының Үлкен Өзен ауылында ауыз су мен коммуналдық желілер жаңғыртылуда.
Риддер қаласындағы аурухана – ерекше назардағы жоба. Қаладағы ескі аурухана 70 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол тек қала тұрғындарына емес, айналасындағы 8 ауыл мен Глубокое ауданының Черемшанка елді мекеніне де қызмет көрсетеді. Бірақ ғимараттары әр жақта орналасқандықтан, халыққа қолайсыздық туғызып келген.
Енді қайтарылған қаражаттың арқасында бұл аурухананың құрылысы арнайы мемлекеттік қор есебінен аяқталмақ. Жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Асубұлақ, Отрадное, Бозанбай ауылдарында 3,6 мыңға жуық тұрғынды таза ауыз сумен қамту үшін инфрақұрылым тартылып жатыр.
Бұл жобалардың барлығы өңірдегі көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді реттеп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.